Еуропа лигасы – “B” тобындағы жағдай шым-шытырық

Футбол
Еуропа лигасы – “B” тобындағы жағдай шым-шытырық
"Астана" Грекияда ұтылып қалды. Фото: olympiacos.org
«Астана» Еуропа лигасының үшінші турында ұтылып қалып, жағдайын тығырыққа тіреп алды. Дәл қазір жалқы ұпаймен “B” тобында – соңғы орында.

Еуропа лигасының топтық кезеңінде “B” тобына түскен. Әу баста қарсыластарына қарап қуанғанбыз. “Плей-оффқа шығуға болады” деп “жұтынғанбыз”. Алайда, бәрі де біз ойлағандай болмай шықты.

«Астана» әуелі Никосияда жеңіп тұрып, ұтылып қалды. Тым болмаса, бір ұпай олжалап кете алмады. Одан кейін елордада Швейцарияның «Янг Бойз» клубының қақпасының “құлыпын” аша алмай, екі ұпай жоғалтты. Ал түнде Грекияда «Олимпиакостан» ойсырай ұтылды.

Абырой болғанда, “B” тобындағы екінші ойында «Янг Бойз» алғашқы екі турдан кейін суырылып алға шыққан АПОЭЛ клубын тоқтатты. Өз алаңында Кипр чемпионын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп, бұл топтағы жағдай шиеленісе түсті.

Дәл қазір плей-оффқа немесе 1/16 финалына “B” тобынан қай командалардың шығатынын кесіп айту қиындау. Тіпті көш соңындағы «Астананың» да теориялық тұрғыда келесі кезеңге шығатын мүмкіндігі жоқ емес. Әрі «Астана» қалған үш ойынның екеуін өз алаңында өткізеді.

Ең бастысы, Еуропа лигасындағы келесі ойын 3 қараша күні өтеді. Ал «Астана» оған дейін ел чемпионатындағы ойындарын аяқтайды. Соңғы матчы – 29 қазан күні. Үшінші рет қатарынан Қазақстан чемпионы атанып, барлық күш-жігерін Еуропа лигасына аудара алады.

Еуропа лигасы. “B” тобы



15 қыркүйек, бейсенбі: 
АПОЭЛ – "Астана" – 2:1  
"Янг Бойз" – "Олимпиакос" – 0:1
29 қыркүйек, бейсенбі:
"Астана" – "Янг Бойз" – 0:0
"Олимпиакос" – АПОЭЛ – 0:1 
20 қазан, бейсенбі:
"Олимпиакос" – "Астана" – 4:1
"Янг Бойз" – АПОЭЛ – 3:1
3 қараша, бейсенбі:
"Астана" – "Олимпиакос"
АПОЭЛ – "Янг Бойз"
24 қараша, бейсенбі: 
"Астана" – АПОЭЛ
"Олимпиакос" – "Янг Бойз"
8 желтоқсан, бейсенбі:
"Янг Бойз" – "Астана"
АПОЭЛ – "Олимпиакос"

Авторы: Әлихан ЖАППАР

Тегтер: АПОЭЛЕуропа лигасыТоптық кезең"Астана" ФКплей-офф"Олимпиакос""Янг Бойз"

Кері қайту