“Астананың” жолын кескен “Селтик” “Хапоэлді” жүндей түтті...

Футбол
“Астананың” жолын кескен “Селтик” “Хапоэлді” жүндей түтті...
"Астананың" жолын кескен – "Селтик". Фото: fca.kz
«Астана» футбол клубын Чемпиондар лигасынан тыс қалдырған Шотландия чемпионы плей-офф сатысының бірінші матчында Израилдің «Хапоэлін» ойсырата жеңді.

Чемпиондар лигасының үшінші електік кезеңдегі жеребесі тартылғанда, «Астананың» жолы болмады. Қазақстан чемпионы биылғы маусымда додаға түскен ең қарымды командалардың біріне тап болды. Атап айтқанда, «Селтикпен» жолы түйісіп, екі матчтық доп додасында бағы жанбады.

Ал «Селтик» болса, Чемпиондар лигасының соңғы електік сатысындағы қарсыласын аса қиналмай ұтты. Тіпті үстемдік танытты. Нақтырақ айтқанда, Израиль чемпионын 5:2 есебімен жеңді.

Бұл ойында да «Астананың» қақпасын үйде де, түзде де гол соққан Ли Гриффитс мергендік танытып, «Хапоэль» қақпашысын екі мәрте қапы қалдырыпты.

Глазгодағы ойынның соңғы секундтарында Қазақстан чемпионының көмескі үмітін пенальтимен “өшірген” Мусса Дембелле де гол соққан. Қалған екі доп – команда капитаны Скотт Браун мен Томи Рогичтің еншісінде.

Енді, 23 тамызда Беэр-Шевада өтетін қарымта матча «Селтик» үш доп айырмасымен ұтыла қоймас. Яғни Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығатынына шүбә келтіруге болмайтын да сияқты.

Егер «Астана» «Селтиктен» өткенде, қалай болар еді, ә? Немесе Чемпиондар лигасының үшінші сүзгісінде жолы Шотландия чемпионымен түйіспегенде... Алайда, өкінгенмен пайда жоқ. Енді Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығу керек.

Айтпақшы, «Астананың» бүгінгі қарсыласы БАТЭ клубын Чемпиондар лигасынан тыс қалдырған «Дандолк» (Ирландия) кеше түнде оңбай сүрінді. Өз алаңында Польшаның «Легиясына» төтеп бере алмады. Беларусь жанкүйерлері де бармақтарын тістеп жатқан шығар...  

Чемпиондар лигасы. Плей-офф

Чемпиондар жолы

"Селтик" (SCO) – "Хапоэль" (Беэр-Шева, ISR) – 5:2

"Дандолк" (IRL) – "Легия" (POL) – 0:2

"Лудогорец" (BUL) – "Виктория" (CZE) – 2:0

"Копенгаген" (DEN) – АПОЕЛ (CYP) – 1:0

"Динамо" Загреб (CRO) – "Зальцбург" (AUT) – 1:1

Авторы: Нұрғазы САСАЕВ

Тегтер: БАТЭЧемпиондар лигасыЕуропа лигасы"Астана" ФКЕурокубоктар"Селтик"плей-офф

Кері қайту
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку