Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңіне бәйге жариялаймыз

Футбол
Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңіне бәйге жариялаймыз
Фото fca.kz сайтынан алынды
Ертең Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы ойындар өтеді. Осыған орай, біз Еурокубоктар додасына арнап жаңа бәйге ұйымдастырамыз.

І. Жалпы ереже

Әр турға 10 адамнан қатысады. Олардың бесеуі – журналист, қалған жартысы – футбол жанкүйерлері. Олар әрқайсысы бір топтағы екі ойынға ғана болжам беретін болады. Чемпиондар лигасындағы сегіз топқа Еуропа лигасының екі тобын қосып, жеребе тартамыз. Осылай әр болжамшының қай топқа болжам беретіндігін анықтап аламыз.

Чемпиондар лигасындағы сегіз тобымен Еуропа лигасының «А» тобы, яғни «Астана» футбол клубы бақ сынайтын төрттік өзгермейді. Яғни алты тур бойы осы тоғыз топтың ойындарына болжам беру керек болады. Ал оныншы топ өзгеріп отырады. Әрбір турдың алдында оны да жеребе тарту арқылы анықтап аламыз.

Қатысушылар әр тур сайын өзгеріп отырады. Сонда алты турда 10 топқа 10 адамнан болжам беріп отыратын болады. Барлығы – 60 адам. Әр турдың қорытындысын шығарып, ұпайларын түзіп отырамыз. Топтық кезеңдегі ойындар толық аяқталған соң 1-15 орындарға орналасқан үздіктеріміз Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шығады.

Осы 15 үздік болжамшыға Қазақстан премьер-лигасының «Болжам-бәйгесінде» жеңімпаз атанған журналист қосылып (сонда барлығы 16 адам), Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шығатын болады. Әрі қарай биылғыдай, жеребе тартылып, әр ойынға болжам беретін жұптар анықталып отырады. Әр жұпта басым болғаны (бәсекелесінен асып түскені) келесі кезеңге өтіп, бәйгеміз биылғыдай финалға дейін жалғасады.

Егер «Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңінде сенімді ақтап, плей-офф сатысына шықса, онда ел чемпионының ойындарына да бәйге жариялайтын боламыз. Оған қанша адам қатысатындығын, кімдердің болжам беретіндерін топтық кезеңдегі ойындары аяқталған соң жариялаймыз.

Әрине, оған ертең басталатын бәйгеміздің қорытынды кестесінде 16-орыннан төмен орналасқан болжамшыларымыздың үздіктері іріктелініп алынатын болады. Оның ережесін кейін жариялаймыз. Әзірше әр тур сайын болжам беріп, көбірек ұпай жинауға тырысуларыңыз керек.

ІІ. Ұпай есептеу жүйесі

Ең бірінші, өзіңіз түскен топтың ойындарына болжам беруіңіз керек. Ойын қандай нәтижемен аяқталады деп ойлайтындығызды айтасыз (жазып жібересіз). Қайталап айтамыз, тек – есеп (Мәселен, 2:0). Өз ойыңызды жазудың қажеті жоқ.    

Ойын нәтижесіне қоса бірінші тайм қандай есеппен аяқталады деп ойлайсыз, оны да қосу керек. Содан кейін қызыл қағаз көрсетіле ме, пенальти бола ма, осы екеуін «иә» немесе «жоқ» деп, әрқайсысын жеке атап өтулеріңізді сұраймыз.

Ұпай есептеу жүйесі:

  • Ойын нәтижесін (есебін) дәл тапқан адамға – 3 (үш) ұпай /мысалы, 2:1 немесе 1:1 болып аяқталған матчты 2:1 немесе 1:1 деп, дәл табу/;
  • Қай команданың жеңетіндігін және доп айырмасын дұрыс тапқан адамға – 2 (екі) ұпай /мысалы, 3:1 болып аяқталған матчты 2:0 немесе 4:2 деп нобайлау/;
  • Екі команданың тең түсетіндігін тапқан адамға – 1,5 (бір жарым) ұпай /мысалы, 1:1 есебімен аяқталған ойынды 2:2 немесе басқа да есептермен тең аяқталады деп болжау/;
  • Ойынның қалай аяқталатындығын, яғни қайсысының жеңетіндігін немесе жеңілетіндігін тапқан адамға – 1 (бір) ұпай /мысалы, 1:0 есебімен аяқалған матчты 3:1 немесе 4:1 деп нобайлау/
  • Бірінші таймның нәтижесін дәл тапқан адамға қосымша 0,25 ұпай қосылады.

Авторы: Әлихан ЖАППАР

Тегтер: UEFA Champions LeagueЧемпиондар лигасыЕуропа лигасыБолжам-бәйгеплей-оффUEFA Europa LeagueЖалпы ережеҰпай есептеуБолжамшыларҚатысушылар

Кері қайту