Элитаға ораламыз ба?: Қазақстанның жас хоккейшілері Данияны жеңді

Хоккей
Элитаға ораламыз ба?: Қазақстанның жас хоккейшілері Данияны жеңді

Шайбалы хоккейден 20 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан жастары Даниядан келген құрдастарын жеңді.

Сергей Старыгин бұл матчқа мына құрамды шығарды:Никитин – Бреус-Хан, Оспанов-Логвин-Ермак; Оразов-Авдеенко, Ким-Бейсембаев-Нұркенов; Шақшақбаев-Решетько, Симонов-Смольянинов-Ляпунов; Шипилин-Русланулы, Ситников-Мигунов-Гросс.

Матч Қазақстан үшін сәтсіз басталған. Ойынның 15-минутынлда Оскар Фискер Молгаард Данияны алға шығарған. Бірінші кезең осымен аяқталды. Екінші 20-минуттықта да ештеңе өзгермеді. Тек үшінші кезеңде Старыгин шәкірттері есін жинады. Алдымен Бейбарыс Оразов таразы басын теңестірді. Бірақ арада бір минутта даттар қайтадан басымдыққа ие болған. Дегенмен, біздің жігіттер камбэк жасай білді. Кирилл Ляпунов пен Руслан Оспанов бір-бір шайбадан соғып, жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 3:2.

Енді олар 13 желтоқсанда Франциямен ойнайды. Бұған дейін Венгриядан 5:2 есебімен басым түскен.

Жалпы, бұл элиталық емес, IA дивизионындағы әлем чемпионаты. Қазақстанмен бірге Франция, Дания, Жапония, Венгрия және Аустрия құрамалары элиталық раундқа өтетін жолдаманы сарапқа салып жатыр.

Қазақстандық хоккейшілер әлем чемпионаты бірінші дивизионында алты мәрте ойнады. Төртеуінде жеңімпаз атанып, элиталық дивизионға жолдама алған еді.

Қазақстан жастар құрамасы элиталық дивизионда сегіз мәрте бақ сынады. Жоғары жетістігі – 1999 жылы алтыншы орын.

Қазақстан – Дания – 3:2 (0:1, 0:0, 3:1)

0:1 Мёльгор (Томсен, Шиолдан) 15:13
1:1 Оразов (Бейсембаев, Нуркенов) 44:57
1:2 Шиолдан (Мёльгор, Томсен) 46:13
2:2 Ляпунов (Шакшакбаев) 48:40
3:2 Оспанов (Ермак) 56:46

Қақпашылар: Никитин – Штейнбергс.

Авторы: Асфендияр Жанаділ

Тегтер: Әлем чемпионатыХоккейСергей Старыгин

Кері қайту