Екі финалдың бүгін алғашқысы. Сан-Мариномен матч қалай болмақ?

Футбол
Екі финалдың бүгін алғашқысы. Сан-Мариномен матч қалай болмақ?

2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан ұлттық құрамасы өз алаңында Сан-Мариноны қабылдайды. Бұл Астанада өтетін соңғы матч. Егер қарсыласты жеңіп жатсақ, Словениямен соңғы кездесу тарихи матч болмақ. Алдымен, Сан-Мариноға тоқталып өтейік. Кездесу алдында бас бапкер Магомед Адиев те тілшілердің сауалына жауап берді.

–Команданың көңіл-күйі жақсы. Біз өткізген жаттығу күндері позитивті өтті. Алдағы матчтардың және Еуро жолдамасы үшін күрестің жалғасуының маңыздылығын түсінеміз. Біздің команда мен еліміздің бір ғана тілегі бар – жеңіс.

– Орталық алаңда проблемалар бар. Матчта тосынсыйлар бола ма?

– Белгілі бір түзетулерді көресіздер. Дегенмен, біз Сан-Марино командасына көбірек құрметпен қарауымыз керек. Ұлттық құрама қалай болғанда да классикалық құрамда шықпайды. Өйткені бізде кадр мәселесі бар. Өкінішке қарай, Зайнутдинов жарақат алды. Негізінде, бұл позицияда басқа ойыншымен ойнаудың нұсқалары қарастырылған, сондықтан біз жоспарды қатты өзгертпейміз.

– Құрама тізімінен Руслан Валиуллинді көрдік. Бұл футболшыны бұрынғы еңбегі үшін шақырдыңыз ба? әлде қазіргі бабы жоғары ма?

– Астанадағы оқу-жаттығу жиынына келген футболшылар болды. Жас ойыншылар көп, Асранқұлов та тағы бір қорғаушы бар. Бірақ біз Русланды қалдырдық. Дегенмен оның визасы жоқ, сондықтан бізбен бірге Словенияға бармайды. Бірақ ол үшін командаға жақынырақ болу үшін, сондай-ақ бабын жинау үшін бізбен бірге болғаны маңызды. Қазірдің өзінде оны ертеңге күнге дайындап жатырмыз.

–Тағыберген мен Зайнутдинов жоқ. Допты шабуылшыларға кім жеткізеді?

– Біздің құрамада нақты лидер жоқ. Мен командалық бапкермін. Бұл – жалғыз Адиевтің немесе жекелеген ойыншылардың феномені емес. Бұл – бүкіл құраманың феномені. Оның сыртында федерацияның еңбегі бар.

– Зуев пен Чесноков алаңға шыға ма?

– Әрине, ұлттық құраманың ойынында эксперименттер болмайтынын түсіну керек. Мен тәуекелді азайтамын, өйткені жауапкершілік үлкен, бүкіл ел ұлттық құраманың ойынын тамашалайды. Мен өзіме сенімді қадамдарды жасаймын. Ертеңгі кездесу де дәл сондай болады.

– Билеттер сатылып кетті. Жанкүйерлерге не айтасыз?

– Жанкүйерлерімізге алғысымыз шексіз. Бұл шынымен қымбат нәрсе. Ұлттар лигасынан бастаған жолымыз әлі есімде. Қарсыласымыз Әзербайжан болған еді. Сол кезде стадион менің шашым сияқты болған (күледі – ред.). Әр жерде жалтырап, бос орындар көрініп тұрды. Ал қазір ең үлкен құрама команданың бірімен ойнағалы жатпасақ та, екі тәулік қалғанда билеттің бәрі сатылып кеткен. Оның үстіне тағы билет сұрап жатыр. Федерациядағылар не істерін білмей, басын ұстап, дағдарып жатқанын білемін. «Тым болмағанда бір билет беріңдерші»деп сұраушылар көбейген. Оны бәрі біз үшін қымбат.


Авторы: Асфендияр Жанаділ

Тегтер: Қазақстан құрамасыЕуропа чемпионатыЕвро-2024Сан-Марино

Кері қайту