Айтбай Жамантаев – Үмітсіз адам болмайды, алаңға ұтамыз деп шығамыз

Футбол
Айтбай Жамантаев – Үмітсіз адам болмайды, алаңға ұтамыз деп шығамыз
Фото: kff.kz
Әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасының бас бапкері Айтбай Жамантаев баспасөз жиынына қазақша бастап, ана тілімізде сөйлеп, ертеңгі ойында ұпай еншілеуге тырысатындарын баса айтты.

Ертең әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасы 2019 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында Ресей қыздарымен кездеседі. Осы ойынның қарсаңында баспасөз жиыны өтіп, онда Қазақ елі құрамасының бас бапкері Айтбай Жамантаев өз ойын ортаға салып, БАҚ өкілдері сұрақтарына жауап берді.

– Ресей қыздарымен өтетін ойынға сәуір айының басынан бері дайындалып жатырмыз. Құрама сапында бойжеткендер, мектеп-интернаттардың түлектері өте көп. Сондақтан ертеңгі ойын оңай болмайды. Өйткені қарсыласымыз – азулы команда. Ресей құрамасы әлемнің ең үздік 25 командасының қатарына кіреді. Былтыр Еуропа чемпионатында ойнады, жетістіктері жаман емес. Ойын үлгісі қалыптасқан команда, құрамасында тәжірибесі толысқан ойыншылары жетерлік. Жақындай деңгейлерінің жоғары екендігін дәлелдеп, түзде қорғанысының топсасы берік Босния және Герцеговина қыздарын 6:1 есебімен ойсырата жеңді. Десек те, біздің де дайындығымыз жаман емес. Ертең намысты қолдан бермей, өрнекті ойын үлгісін көрсетуге тырысамыз.

Біздің құраманың қоржынында әлі бірде-бір ұпай жоқ. Ертеңгі матчта ұпай еншілей алатын мүмкіндігіміз бар ма?

– Футбол да да, өмірдегідей үмітсіз адам болмайды. Спорттың қай түрі болмасын, оның ішінде футболда да, кез келген команда алаңға ұтамыз деп шығады. Ешбір ұжым ұтыламыз деп, шықпайды алаңға. Тіпті тең түсеміз деп те ойламайды. Ертең біз де өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, көңілге қонымды нәтижеге қол жеткіземіз деген ниеттеміз.

Құрама сапына үздік ойыншыларымыздың бәрін шақыра алдыңыз ба? Бұл жолы жас қыздарымыз тым көп сияқты.

– Дұрыс айтасыз, құрама сапы біршама өзгерді. Бойжеткендер көп. Олардың көбісі бірінші рет осындай жоғары деңгейдегі халықаралық матчқа келіп отыр. Жалпы, біз былтырдан бері жас таланттарды іздестіріп, біраз жұмыс атқардық. Дәл қазір ұлттық құрама сапында 2000-2002 жылдары туған 9 бойжеткен бар. Олардың төрт-бесеуі негізгі құрамда ойнайды. Мұндай бізде бірінші рет жүзеге асқалы тұр. Екі-үш жылдан кейін олар ұлттық құраманың үздік ойыншыларына айналады деген үміттеміз.  

Ресей құрамасының бас бапкері Елена Фомина Қазақстан құрамасының қорғанысын ерекше атап өтті. Қарсы шабуылдарды жақсы ұйымдастыра білетіндерін де тілге тиек етті. Ал сіз олардың қай шептерінен қауіптенесіз?

– Барлық шебінен. Олардың осал шебі жоққа тән. Біз Ресей құрамасының ойындарын саралап, әбден зерттедік. Қарсыласымыздың барлық шебі де – қауіпті.

Бізде ерлер арасында да, әйелдер арасында да шет елде ойнайтын футболшыларымыз – некен-саяқ. Солардың бірегейі – Ресейге кеткен Аида Гайстенова. Бірақ оның ертеңгі матчта алаңға шыға алмайтынын білеміз. Жалпы, сөз оның болашағы туралы не ойлайсыз?  

– Аида Көкшетау футболының түлегі, біраз уақыт Көкшеде ойнады. Одан кейін Алматыға ауысты. Біз оны құрама сапына тарттық. Биыл Ресейдегі «Енисей» клубының сапына ауысты. Болашағы зор. Өкінішке қарай, ескертулеріне байланысты ертең ойнай алмайды...

Ресей құрамасының бас бапкері «Астана-Арена» стадионының алаңы әйелдер үшін үлкендеу екендігін көлденең тартып, қынжылғандай болды. Бұл біздің қыздарға қиындық туғыза ма?

– Мен бұл күрмеуі күрделі мәселе болады деп ойламаймын. Бекітілген регламент бар. Футбол алаңы 105х68 болуы керек, 90х45алаңдарда да ойнауға рұқсат беріледі. Стадион лицензияланған болса, қандай сөз туындауы тиіс? Біз алаңды өзгерте алмаймыз. Бұл жерде, екі команда да – бірдей жағдайда.

«Оқжетпес» клубының қыздарымен жолдастық кездесу өткіздіңіздер. Қандай қорытынды шығардыңыз?

– Басты мақсатымыз, Ресей құрамасымен өтетін матч алдында ойын өрнегімізді жетілдіре түсу болды. Өз тобымыздағы командалармен салыстырғанда, біздің деңгейіміз төмендеу, техникалық және тактикалық тұрғыда олардан қалыспыз. Сондықтан қорғанысқа көп көңіл бөліп, қарсы шабуылдарға иек артамыз. Қарсыласымызды өзіміздің айып алаңымызға жеткізбей, яғни алаң ортасынан сәл кейіндеу тұстан бастап аңдып, қаумалап, қыспаққа алып, содан кейін жылдам шабуыл ұйымдастыруға тырысамыз. Футбол тілімен айтқанда, прессинг қолданамыз. Қорғаныстан тез шабуылға көшуді алаңда жүзеге асырып, соған машықтануға тырыстық.

Айтбай аға, баптарыңыз бен бақтарыңыз қатар шапсын. Алла сәтін берсін. Ертең ұпай еншілеулеріңізге тілектеспіз.

– Рахмет. Ертең ұпай еншілейік! 

Авторы: Нұрғазы САСАЕВ

Тегтер: Аида ГайстеноваҚазақстан құрамасыӘлем чемпионатыәйелдер футболыАйтбай ЖамантаевІріктеу ойындарыӘйелдер құрамасыKazakhstan football teamРесей құрамасыЕлена Фомина

Кері қайту
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку