«Тобыл» мен «Атырау» өкшемен гол соғудан шеберлік көрсетті

Футбол
«Тобыл» мен «Атырау» өкшемен гол соғудан шеберлік көрсетті
Фото: fctobol.kz
«Тобыл» мен «Атырау» астықты өлкеде додаға түсіп, аса тартысты өткен ойында бес гол соғылды. Оның екеуі өкшемен салынды.

Ойын өте тартысты болды. Алма-кезек шабуылмен өткен ойында алаң иелері есеп ашты. Бірінші таймның ортасына қарай Максим Федин оң қанатта қорғаушылардан сытылып кетіп, допты ортаға қарай әуелете тепті. Оны Антон Шиндер басымен қақпаға дәл түсіріп, өз командасын алға шығарды.

Алайда, «Атырау» іле-шала таразы басын теңестірді. Доп ойынға бұрыштан қосылып, әуелеп ұшқан допқа қарай жүгірген Марат Хайрулин сол аяғының өкшесімен ту сыртындағы қақпаға дөп түсірді. Осыдан бір жарым күн бұрын Еуропа лигасында, ЦСКА (Ресей) клубының қақпасына өкшесімен доп салған «Арсеналдың» жұлдызы Арон Рэмзидің голынан бір мысқал да кем емес...

«Тобылдың» тасқамал қорғаушылары да аң-таң, топсасы берік қақпашысы да аң-таң... Олар естерін жиғанша, қонақтар тағы бір гол соқты. Қостанайлық ұжымның қақпасының алдындағы қарбалас сәтте қонақтар допты бір-біріне қақпақылдап жүрді де, Джозеф Нейн ойланбастан шірене тартты. Алаң иелері тағы да таң-тамаша болды.

Владимир Никитенко бір шара қолданбаса, өз жанкүйерлері алдында ұятқа қалулары мүмкін екенін білді. Екінші таймда алаңға Таңат Нөсербаев пен Ника Квеквескириді шығарды. Сөйтіп, «Тобыл» түлеп сала берді. Қонақтарын тықсырып, шабуылды үдетті. Орап соққан құйындай, «Атыраудың» қақпасына қауіп төндірумен болды.

Тоқсан минут бойы тізгін тартпай, зыр қаққан Азат Нұрғалиев допты алға асырды. Ал Таңат Нөсербаев оны басымен қарсы алдындағы Антон Шиндерге бере қойды. Украина шабуылшысы артында шыр айнала ұшып бара жатқан допты өкшесімен қақпаға дөп түсірді. Керемет! Арон Рэмзиге тағы бір сәлем!

Көп ұзамай Джаба Канкава «Атыраудың» қорғаушылары кері қайтарған допты айып алаңы сызығының дәл үстінен ышқына теуіп, үшінші голды соқты. «Тобыл» осылай, екінші таймның ортасында-ақ алға шықты. Әрі ойын аяғына дейін тізгін тартқан жоқ. «Атырау» да қалыспай, табан тіресе «шайқасты».

Ойыннан соң «Атыраудың» бас бапкері Вахид Масудов төрешілерге наразы екендігін тұспалдап білдірді. Бірақ қай голды, екіншісін бе, әлде үшіншісін бе «офсайдтан соғылды» деп ойлайтындығын айтпады. Не болмаса, төрешінің басқа шешіміне наразы ма екен?..

«Тобыл» – «Атырау» – 3:2

Голдар: Шиндер, 22 (1:0). Хайруллин, 27 (1:1). Нейн Джозеф, 40 (1:2). Шиндер, 64 (2:2). Канкава, 68 (3:2).


Авторы: Нұрғазы САСАЕВ

Тегтер: Владимир НикитенкоМарат ХайруллинВахид МасудовАнтон ШиндерҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионатыТаңат Нөсербаев"Тобыл"Азат Нұрғалиев"Атырау" ФКKazakhstan Premier LeagueTobol KostanayFC AtyrauVladimir NikitenkoVakhid Masud

Кері қайту
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку