"Қайсар" қауқарсыздық танытып, "Жетісу" алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Футбол
"Қайсар" қауқарсыздық танытып, "Жетісу" алғашқы жеңісіне қол жеткізді
"Қайсар" "Жетісудан" да жеңілді
Талдықорғанда өткен аутсайдерлер дербиінде Қызылорданың «Қайсары» тағы да жеңіліп қалды. Ал бір жылдық үзілістен кейін Премьер-лигаға оралған «Жетісу» осы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Екі команда үшін де биылғы маусым сәтсіз басталған. Алғашқы үш турдан кейін бір-ақ ұпай жинап, турнир кестесінде 9-10-шы орындарды өзара бөлісіп тұрған. Тіпті, гол айырмашылығы да бірдей болды. Сондықтан, екі команданың да бас бапкерлері үшін өте маңызды матч еді.

«Жетісу» (Талдықорған) – «Қайсар» (Қызылорда) 1:0 (1:0)

Гол: Джалилов, 24 (1:0).

Ескертулер: Мухутдинов 26, Әмірсейітов 55, Қожамберді 85, Тағыберген 90+2.

«Жетісу»: Шабанов, Касрадзе, Главина, Мавутор (Керімжанов 69), Оганесян, Малакян (Рудосельский 89), Куклис (к), Джалилов (Қожамберді 80), Мухутдинов, Қуантаев, Хромцов.

Резерв: Аязбаев, Мартинович, Садовничий, Әділханов, Нұрмұхамет, Алтынбеков.

«Қайсар»: Григоренко, Граф, Курьор, Камара (Тағыберген 46), Вере (Аржанов 65), Марочкин, Коробкин, Әмірсейітов, Евстигнеев (Аркин 57), Жаңғылышбай, Байжанов (к).

Резерв: Исламқұлов, Ламанж, Джа Джедже, Нәрзілдаев, Чуреев, Гурман.

Төрешілер: Құмашев, Құсайынов, Навроцкий (бәрі де – Астана).

Талдықорған, «Жетісу» стадионының қосалқы алаңы. 800 көрермен.

Кездесудің тағдырын 24-ші минутта соғылған жалғыз гол шешті. «Қайсар» қақпасының алдындағы қарбаласты пайдаланған Рауль Джалилов 11 метрдей жерден допты Григоренко қорғаған қақпаның сол жақ бұрышына қадай салды. Бұдан кейін екі команда да гол соға алған жоқ. Шынын айтқанда, бұдан басқа гол соғатын мүмкіндіктер де болмады. Қорытынды есеп 1:0, Дмитрий Огайдың командасы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізіп, төрт ұпаймен турнир кестесінде 8-ші орынға көтерілді.

Енді келесі турда талдықорғандықтар түздегі ойынын өткізу үшін Петропавлға барады. Қарсыласы – «Қызыл-Жар». Былтыр Бірінші лига аясында бірнеше рет кездескен.

Ал төртінші турда кезекті рет жеңілістің кермек дәмін татқан «Қайсардың» жағдайы өте мүшкіл. Биыл елу жылдық мерейтойында үздік бестіктен көрінуді көздеп жүрген қызылордалықтар мына түрімен Премьер-лигадан ұшып та кетуі мүмкін. Сондықтан, кеш болып кетпей тұрып, облыс басшыларына қателеспейтіндей бір шешім қабылдау қажет. Кімнен бастау қажеттігін білмейміз, әйтеуір «Қайсарға» қазір бір өзгеріс керек-ақ.

Авторы: Әзиз ЖҰМАДІЛ

Кері қайту
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку