«Астана» мен «Ақжайық» – көш бастады бірі ерте, біреуі жай...

Футбол
«Астана» мен «Ақжайық» – көш бастады бірі ерте, біреуі жай...
Фото: fca.kz
Қазақстан премьер-лигасының бірінші турында бір ірі жеңіс тіркеліп, «Астана» өз алаңында «Ақжайықты» ойсырата ұтты.

«Астана» өткен маусымды дәл осы «Ақжайықпен» тәмамдаған. 5 қараша күні өз алаңында 2:0 есебімен ұтып, төртінші рет ел чемпионы атанған. Қызық, биылғы маусымның ойындар күнтізбесі түзілгенде, алғашқы турда елорда клубына дәл осы Орал футболшылары түсіпті. Бәлкім, «Астана» үшін бұл да жақсылықтың нышаны шығар.

Өткен маусымның қорытынды турымен салыстырғанда, «Астанаға» бүгін жеңіске жету оңайырақ болды. Рас, бірінші таймда қонақтар қорғаныста мұқият ойнап, жанкештілік танытты. Бірақ жыл басынан бері «Спортинг» пен «Қайраттың» қақпасына қос-қостан доп салған Марин Томасовқа «Орал қорғаны» сөз болып па?

Иә, алаң иелерін қақпасына маңайлатпай қойған «Ақжайықтың» қорғанысын өзге ешкім емес, дәл осы Томасов талқандады. Айып соққысын орындап, допты доғаша иіре тепті де, қонақтардың құрған тосқауылын тырп еткізбей, қақпашысын қапы қалдырды. Осылай, Орал клубының қақпасына «жол салды»...

Екінші таймда «Астана» екі доп салды. Екеуі де Марин Томасовтың пастарынан кейін соғылды. Әуелі допты ойынға бұрыштан қосып, ұзынтұра Сергей Малыйдың басына салып берді. Орталық қорғаушы қақпаны дәл көздеді. Іле-шала оң қанатпен алға ентелеп, допты көлбеулете теуіп, Щеткинге бере қойды. Ал ол қарсы алдында ыңғайлы тұрған Серікжанға ысыра салды. Гол!

Сөйтіп, «Астана» биылғы ел біріншілігін ірі жеңіспен бастап, бірден 1-орынға шықты. Жылда бұлай жеке-дара көш бастаған жоқ болатын. Ал «Ақжайықтың» мақтаулы бас бапкері бірнеше ойыншысының жарақаттанып, қатардан шығып қалғанын көлденең тартып отыр. Сенейік, көрейік қалай боларын...

«Астана» – «Ақжайық» – 3:0 (1:0)

Голдар: Томасов, 9. Малый, 74. Мұжықов, 80.

Авторы: Нұрғазы САСАЕВ

Тегтер: Марин ТомасовВладимир МазярFC AstanaҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Ақжайық"Серікжан Мұжықов"Астана" ФКKazakhstan Premier LeagueAkzhayik OralMarin Tomasov

Кері қайту