Станимир Стойлов – Барша Қазақстан жанкүйерлерінен кешірім сұрамайынша оны ұлттық құрамаға шақырмаймын

Футбол
Станимир Стойлов – Барша Қазақстан жанкүйерлерінен кешірім сұрамайынша оны ұлттық құрамаға шақырмаймын
Станимир Стойлов – Барша Қазақстан жанкүйерлерінен кешірім сұрамайынша оны ұлттық құрамаға шақырмаймын
Барлық сұрақтарға еш жалтармастан жауап беріп, позитифтен бастап проблемаға дейін әңгіме қозғалды.

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне тағайындалған Станимир Стойлов журналистермен болған кездесуде көп нәрсе айтты. Назарларыңызға бас бапкердің сол кездесудегі ең маңызды ой-пікірлерін ұсынуды жөн көрдік.

Келісімшарт туралы

«Астанада» 4 жыл қызмет атқардым. Біраз жетістіктерге жеттік. Енді мені жаңа кезең күтіп тұр. Ұлттық құраманың жүгі одан да ауыр. Шынымды айтсам, бұл ұсынысты өзімді Қазақстанға шақырған азаматтарға алғыс ретінде қабыл алдым. Әйтпесе, мені келісімшарттың уақыты, жалақы жағы аса қызықтырып отырған жоқ. Менің келісімшартым мынадай: ҚФФ президенті кет десе, мен сол жерде-ақ заттарымды жинаймын да, қызметімді босатамын.

«Астанадағы» абырой және ұлттық құрамадағы жаңа кезең

Маған «Астанада» жинаған бар абыройыңнан бір-ақ сәтте айрыласың ғой», – дегендер де болды. Бірақ, «қасқырдан қорықсаң орманға барма» деген сөз бар ғой. Мен абыройымнан айрыламын деп қорықпаймын. Маған қазір бірінші ретте ұлттық құраманың беделі маңызды. Рас, бастапқыда қиын болады. Алдымызда жаңа кезең күтіп тұр. Бірақ, біз бәріне де дайынбыз.

Ұлттық құрама кандидаттарына талап

Ұлттық құрамда елім деген, жерім деген жігіттер ойнауы тиіс. Олардың бойынан патриоттықтың рухы сезіліп тұруы тиіс. Бас командаға шақырту алдың ба, жаттығуда да, ресми ойында да барыңды сал. Аянып қалма! Клубта қалай ойнасаң ұлттық құрамада да солай көсілуің керек. Тіпті, екі есе артық еңбектенуің қажет. Өйткені, сенің артыңда бір ғана облыс емес, тұтас ел тұр. «Клуб маған жалақы төлейді, ұлттық құрамада тегін ойнаймын» деген түсінік болмауы керек. Қазірдің өзінде ұлттық құрамаға жүрдім-бардым қараған бір ойыншыны білемін. Барша Қазақстан жанкүйерлерінің алдында кешірім сұрамайынша мен оны командаға шақырмаймын. Біз көмекшілерімізбен бірге Премьер-лиганың әр ойынын қарап, ұлттық құрамаға нағыз қажетті ойыншыларды тартатын боламыз.

Ұлттық құрамадағы көмекшілері

Бапкерлер алқасында үлкен өзгерістер болмайды. Дәрігерден бастап қақпашылар жаттықтырушысына дейін Бородюкке көмектескен мамандардың басым бөлігімен ұлттық құрамада бірге жұмыс жасаймыз. Қайрат Нұрдәулетов менің бірінші ассистентім болады. Оның тәжірибесі бар. Кезінде «Астананың» да, Қазақстан ұлттық құрамасының да капитаны болған. Менің қасымда жүріп тәжірибе жинайды. Мен де оның көмегіне сүйенемін. Жаңа жаттықтырушылардан тек Болгариядан бері қасымда бірге келе жатқан Цанко Цветанов пен Саид Ибраимовты алдырттым.


Ұлттық құраманың капитаны жайлы

Дәл қазір бұл сұраққа жауап беру ерте шығар. Алда бізді жолдастық кездесулер күтіп тұр. Оған дейін оқу-жаттығу жиындары бар. Міне, команда толық жиналғанда құрамадағы футболшылармен ақылдаса отырып, капитанды анықтайтын боламыз.

Легионерлер жыры

Мен үшін Қазақстан Республикасының паспорты бар футболшылардың барлығы бірдей. Егер оның қалтасында Қазақстан төлқұжаты бар болса, өзінің ойынымен және жауапкершілігімен ұлттық құрамада ойнауға лайық болса, ондай ойыншыны неге шақырмасқа. Дегенмен, ұлттық құрамада кездейсоқ футболшылар болмайды. Мен бұған уәде берем.

Еркебұлан Сейдахмет туралы

Шынымды айтсам, Еркебұлан Сейдахметтің «Уфадағы» қазіргі жағдайы маған ұнамайды. Бала әлі өзін көрсеткен жоқ, дәлдеген жоқ. Бірақ күнде сұхбат береді. Күнде жарқ етіп баспасөз беттерінде шығып жатады. Бұл – цирк. Мұндай циркті доғару керек. Өзімен кездескенде жақсылап әңгімелесейін деп отырмын. Дәл қазір оған артық нәрселерге алаңдамай, жасыл алаңда барын сала жаттығу қажет. Алдымен өзін дәлелдесін, содан кейін атақ, ақша дегендердің бәрі өзі-ақ келеді. Қарапайым болу керек. Кезінде мен Димитар Бербатовты жаттықтырғанмын. Өте қарапайым ойыншы еді. Қанша талантты болса да, атақ қуып кеткен жоқ. Есесіне оны әйгілі «Манчестер Юнайтедтің» өзі шақырды. Міне, сізге мысал.

«Астана» футбол клубының сыйақы мәселесі

Кее ел футболының ең үкен адамымен кездескенімізде ол «Астананың» қаржылық жағдайы ақырындап шешілетінін айтты. Соның ішінде біздің өткен жылғы, оның алдыңғы маусымындағы сыйақыларымыз да бар. Ол ұлттық құрамаға ғана емес, Қазақстан клубтарына да жаны ашитын жан екен. Кездесуден кейін мен ол кісі туралы жақсы пікірде қалдым.

«Астана» футбол клубының жаңа бас бапкері турасында

«Астананың» ендігі бас бапкері Григорий Бабаян болуы тиіс. Мен оның кандидатурасын құптаймын. Төрт жыл бірге қызмет еттік. Соңғы шешім менде болғанымен барлық жұмыстарды сол атқаратын. Бабаян бас бапкер іспеттес еді. «Астананың» жүгін абыроймен арқалайтынына сенімдімін. Клубтың басшысымен болған соңғы әңгімемізде де мен бұл қызметке Гришадан артық жаттықтырушы таппайсыз деп ұсынысымды білдіргенмін.

Қазақстан Суперкубогы туралы

Әлбетте, ұзақ жыл «Астананы» жаттықтырған мен үшін бұл клубтың орны алабөтен. Ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне кіріскеніме қарамастан 4 наурыз күні елордалықтарға жанкүйер боламын. «Астана» жеңіске жетсе екен деймін. Дегенмен, бұл «Астананың» жанкүйері ретіндегі соңғы ойын болмақ. Одан кейін мен үшін барлық клуб бірдей болады.

Ұлттар лигасы

Биыл бізді маңызды турнир күтіп тұр. Бұрындары тең есептің өзіне қанағат білдіріп жүрген болсақ, енді әр ойында жеңіске жетуге тырысамыз. Ұлттар лигасындағы мақсатымыз – өз тобымызда бірінші орын алу. Одан кейінгісін көре жатармыз. Жалпы, бірінші ойынді өз алаңымызда Грузияға қарсы өткіземіз. Бұл матчқа дайындықты қазірден пысықтағанымыз абзал.

Авторы: Әзиз ЖҰМАДІЛ

Тегтер: Азамат АйтқожинӘділбек ЖақсыбековӘділбек Жақсыбеков футболСтанимир Стойлов ұлттық құрамаАйтқожин футбол

Кері қайту
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку