Оныншы турдың ойындары Тимур Сегізбаевты еске түсірумен басталды

Футбол
Оныншы турдың ойындары Тимур Сегізбаевты еске түсірумен басталды
Фото: fca.kz
Қазақстан премьер-лигасында оныншы турдың бес ойыны өтіп, «Астана» түзде «Атыраудан» басым түсті.

Бүгін Қазақстан чемпионатының бес ойыны марқұм Тимур Сегізбаевты еске түсіруге арналған бір минуттық үнсіздікпен басталды. Тірі болса, Тимур Санжарұлы кеше 77-ге толатын еді. Өкінішке қарай, қазақ футболының аңызы, көрнекті тұлғасы осыдан бес айға жуық уақыт бұрын (2017 жылы 15 желтоқсанда) фәниден бақиға аттанған...

Бұл ойынның болғанынан «боладысы» қызық болды. Негізі, бұл ойын Атыраудағы «Мұнайшы» стадионында өтуі керек болатын. Бірақ бұл стадионның алаңы мен жасыл желегі сын көтермейді. Сондықтан, матчқа бір күн қалғанда, кездесу жасанды желегі бар «Томарлы» стадионына ауыстырылды...

Жалпы, «Атырау» мен «Астана» арасындағы ойынның бірінші таймы өте тартысты өтті. 31-минутта екі команданың ойыншылары тіпті төбелесіп те қала жаздады. Бас төреші Болат Кәрлібаев ешкімді де алаңнан қумай, үш ойыншыға сары қағаз көрсетіп, сабаларына түсірді. Ал 36-минутта Сергей Малый «Атыраудың» алға ентелеген ойыншысын шынтағымен шалқасынан түсіріп, ескерту алды...  

Екінші таймда ойын бірінші голға дейін ғана «созылды». 61-минутта «Атыраудың» қорғаушылары жаза басып, алға ентелеген Патрик Твумасиден көз жазып қала жаздады. Гана футболшысы мұрттай ұшып, төреші 11-метрлік айып соққысы нүктесін нұсқады... Пенальтиді Твумасидің өзі мүлтіксіз орындап, есеп ашты.

Осы голдан кейін алаң иелерінің ұнжырғалары түсіп кетті. Іле-шала Марин Томасов есепті еселеді. Допты алаңның орта тұсынна іліп алып, алға қарай құстай ұшқан хорват қыранын алаң иелерінің қорғаушылары тоқтатпады да, жолына бөгет бола алмады да, тіпті қақпаны нысанаға алуына да кедергі келтірмей, абдырып қалды.

Осы голдан кейін «Астананың» жеңісті уысынан шығармасы белгілі еді. Еңселері түсіп кеткен «Атырау» футболшылары жеңіске деген жігерлік таныта алмады. Ал қонақтар Жайық жағасынан үш ұпай олжалап, басты бәсекелесінен ұзай түсті...

Көшбасшының басты бәсекелесі, яғни «Қайрат» клубы Қостанайда «Тобылдан» ұтылып қалды. Матч тағдырын Таңат Нөсербаев салған жалғыз доп шешті. Алматы клубының бас бапкері Карлос Алос Феррер астықты өлкедегі «Орталық» стадионның да жасыл желегінің сапасы нашар екендігін баса айтып, бұл ойынның да бір тәулік бұрын басқа стадионға ауыстырылмағандығына «өкініш» білдірді...

«Қызыл-Жар» өз алаңында «Қайсармен» тең түсті. Негізі алаң иелері бір гол соққан, бірақ төрешілер оны есепке алмады (офсайд). Ал «Шахтер» Темуртауда «Ертістен» ұтылып қалды. Ойынның 65-минутында кеншілер клубының қақпашсысы Павел Шабалин тепкен пенальтиді тойтарған. Әйткенмен, матчтың соңғы секундында өз ойыншыларының өрескел қателігінен соң өз қақпаларына гол соғып алды.

Бұл турда аса қызықты өткен ойын «Ақтөбе» – «Ақжайық» арасындағы кездесу болды. Бұл матчта сегіз гол соғылып, алаң иелері жеңіске жетті. Қонақтар бес доп айырмасымен ұтылып жатса да жасымай, екінші таймның аяғында үш доп салды. Бірақ тым кеш қимылдады... Ал «Жетісу» мен «Ордабасы» арасындағы ойын ертең өтеді.

«Атырау» – «Астана» – 0:2 (0:0)
Голдар: Твумаси, 61-пенальтиден. Томасов, 64.

«Тобыл» – «Қайрат» – 1:0 (0:0)
Гол: Нөсербаев, 88.

«Шахтер» – «Ертіс» – 0:1 (0:0)
Гол: Пикалкин, 90+3-автогол.
Пенальти соға алмады: Шабалин, 65 («Е»)

«Қызыл-Жар» – «Қайсар» – 0:0
Алаңнан қуылды: Камара, 90+4 («Қайсар»).

«Ақтөбе» – «Ақжайық» –5:3 (3:0)
Голдар: Қайыров, 27 (1:0). Пиззелли, 41 (2:0). Рейнальдо, 45 (3:0). Рейнальдо, 56 (4:0). Пиззелли, 67 (5:0). Басов, 73 (5:1). Эсеола, 75 (5:2). Мане, 79 (5:3).


Авторы: Нұрғазы САСАЕВ

Тегтер: Қазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Қайрат""Шахтер" ФК"Тобыл""Ақтөбе""Ертіс""Ақжайық""Қайсар""Қызыл-Жар""Астана" ФК"Атырау" ФКТимур СегізбаевKazakhstan Premier LeagueTimur SegizbayevЕске түсіруҮнсіздік

Кері қайту