«Ақтөбе» 6 ұпайынан айрылып, соңғы орыннан бір-ақ шықты

Футбол
«Ақтөбе» 6 ұпайынан айрылып, соңғы орыннан бір-ақ шықты
«Ақтөбе» 6 ұпайынан айрылып, соңғы орыннан бір-ақ шықты
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының ресми сайтында FIFA Тәртіптік комитетінің шешімімен «Ақтөбе» футбол клубының 6 ұпайынан айрылғаны туралы жаңалық жарық көрді.

Естеріңізге сала кетейік, Ресейдің «Аланиясынан» 2014 жылы «Ақтөбеге» ауысып, 2 жыл Қазақстан Премьер-лигасында доп тепкен бразилиялық легионер осы аралықта 49 ойында 7 гол соққан. 2015 жылы «Ақтөбе» Данило Некомен келісімшартты бұзып, оған қарыздар болып қалды. 2016 жылы Неко ФИФА-ға арызданып, «Ақтөбенің» атына шағымданған. Ал өткен жылдың тамызында клубқа ФИФА тарапынан хат келіп, қарызды жыл соңына дейін жабуды талап еткен. Алайда, содан бері ешнәрсе өзгермеді. «Ақтөбенің» сол кездегі бас директоры Мақсат Тұмалиевтің айтуынша, клуб футболшыға 800 мың евро қарыз болып қалған екен. Өткен жылдың соңында-ақ «Ақтөбе» 2018 жылғы ел чемпионатын «-6» ұпаймен бастайтындығы туралы әңгіме таралған. Алайда, бүгін ғана шешім күшіне енді.

«Футболшы Данило Неконың алдындағы берешегін өтемегендігіне байланысты FIFA Тәртіптік комитеті «Ақтөбе» футбол клубынан ел чемпионатындағы 6 ұпайын алып тастау туралы шешім қабылданды.

Бұл өзгеріс 2018 жылғы Қазақстан Премьер-лигасы клубтарының арасындағы чемпионаттың турнир кестесіне енгізілді», – деп жазылған Кәсіпқой футбол лигасының сайтында.

Әлбетте, бұл оңды шешім шығар. Былтыр «Атырау» мен «Таразға» да мұндай жаза қолданылған. Сондықтан, бұл «Ақтөбе» үшін үлкен сабақ болары анық. Дегенмен, Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы бұл шешімді неліктен бүгін ғана жариялап отыр. Әлде, хатты кеше ғана алды ма? Ендеше ФИФА-дан келген хатты да неге жарияламасқа? Гәп басқада. Бұл шешім Қазақстан футбол федерациясының кезекті конференциясының қарсаңында емес, сол мәжілістен кейін шығарылуы түрлі ойларға жетелеп отыр. Әлде, маңызды жиынның қарсаңында сынға қалудан сескенді ме? Жоқ, әлде Конференциядан кейін бар назар басқа нәрсеге аударылсын деді ме? Әйтпесе, «Ордабасы» мен «Ақтөбенің» де жазасын Конференцияға дейін естіртсе болады ғой.

Авторы: Әзиз ЖҰМАДІЛ

Тегтер: Ақтөбе Данило НекоҚФФ Тәртіптік комитеті

Кері қайту
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку