Қазаққа Какаудай ұнаған бапкер кемде-кем

Футбол
Қазаққа Какаудай ұнаған бапкер кемде-кем
Фото: afckairat.kz
Какау жақында «Қайрат» шағын футбол клубымен Қазақстан чемпионы болып, Алматы командасымен ресми түрде қоштасты.

Бразилия маманы Рикардо Камара Собрал немесе қысқаша ғана «Какау» енді «Қайратты» жаттықтырмайды. Биылғы УЕФА кубогының «Төртеу финалы» додасына шыға алмай қалған соң осындай шешім қабылдапты. «Қайрат» шағын футбол клубы басқа білікті бапкермен қазіргіден де жоғары жетістіктерге жете алуы да мүмкін ғой деп ойлайтындай...

Оның бәрін алдағы уақыт көрсетеді. Бірақ Какаудың қазақ футзалына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екендігі – ақиқат. Мысалы, ол «Қайрат» шағын футбол клубын 2013-2018 жылдар аралығында жаттықтырып, екі рет UEFA кубогын жеңіп алды (2013, 2015 жж). Ал 2014 жылы әлем суперкубогының жеңімпазы атанды.

Халықаралық Еременко кубогында төрт рет топ жарды (2014, 2016, 2017, 2018 жж). Алты рет Қазақстан чемпионы атанды (2013-2018 жж). Бес рет Қазақстан кубогын жеңіп алды. Ең бастысы, «Қайратты» бүкіл Еуропа клубтары қаймығатын деңгейге көтерді.

Какау Қазақстан ұлттық құрамасының да ойынын түлетті. 2016 жылы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанып, бүкіл әлемді қайран қалдырды. Биылғы Еуропа чемпионатында 4-орынға ие болды. 2016 жылғы әлем чемпионатында 1/8-финалына дейін жетті.

Қазақстан ұлттық құрамасын ең көп жаттықтырған бапкер де – дәл осы Какау. Бразилия маманы біздің құрамамен 39 ойын өткізді. Мұны тіпті өзіндік рекорд деуге де болады. Мәселен, екінші орында – Әміржан Мұқанов (16 ойын).

Ерекше атап өтерлігі, Какау қазақ халқының сүйіспеншілігіне бөленіп, көпшілік қошаметіне ие болды. Ол – қазақ ұлтына, жалпы біздің салт-дәстүрімізге ерекше сый-құрметпен қарайтын жан. Әлемдік тәжірибеге жүгініп, ұлттық құрамамызды күшейту үшін бразилиялық қас шеберлерді тартты. Бірақ олардың санын көбейткен жоқ.

Игита, Дуглас, Лео және Тайнан секілді төрткіл дүниеге танымал жұлдыздармен бірге қазақ жігіттерін де ойнатып, халықаралық додада шыңдады. Шеберліктерін ұштап, оларды өте жоғары деңгейге көтерді. Мұны көршілес Әзірбайжан мамандары сүйсіне атап өтіп, өздеріне үлгі етті.

Сонымен, Рикардо Камара Собрал, яғни Какау кетті. Кім біледі, бәлкім, әлі оралар. Қалай десек те, оның есімі қазақ футзалының тарихында алтын әріптермен жазылып қалады. Ол Қазақ елін өзінің екінші Отаны деп санайды. Ол Игита мен Дуглас тұрса да, «менің капитаны – Димаш Сүлейменов» деп кетті...

Авторы: Айқын ЖАППАР

Тегтер: футзалКакауҚазақстан ұлттық құрамасы"Қайрат" ШФКҚазақ футболыҚазақстан чемпионыAFC KairatKazakhstan national futsal teamCacauБразилия маманыUEFA кубогы

Кері қайту