Қосалқы командалар турнирін Екінші лига деп кімді алдап жүрміз?

Футбол
Қосалқы командалар турнирін Екінші лига деп кімді алдап жүрміз?
Қосалқы командалар турнирін Екінші лига деп кімді алдап жүрміз?
Кеше Қазақстан Екінші лигасының жаңа маусымы ресми түрде шымылдығын түріп, алғашқы турдың алты ойыны өтті. Дегенмен, бұл біріншілікті Екінші лига деп атауға келе ме? Былтырдан бері қолға алынған бұл жобада неге облыс чемпиондары жоқ? Әлде Қазақстан футбол федерациясының аймақтармен жұмыс жүргізуге құлқы жоқ па?

Рас, былтырғыға қарағанда биыл Екінші лигадағы командалардың саны екеуге көбейген. «Алтай» мен «Қайсар-21» командалары қосылды. Дегенмен, бұдан біріншіліктің мәртебесі өсіп кете қойған жоқ. Қосылғыштардың орындарын ауыстырғанымен қосындының өзгермейтіні секілді атауын өзгерткенімен Лиганың түбірі мен мазмұны сол қалпында қала береді. Ресми атауы ғана Екінші лига, әйтпесе көпшілік жанкүйерлер мен мамандар да бұл біріншілікті әлі күнге дейін «дублерлар турнирі» атап жүр.


Неліктен? Ендеше Екінші лиганың биылғы құрамына көз жүгіртіп көрейік. Премьер-лига клубтарының 12 жастар командасы, Бірінші лигадағы «Жетісудың» дублерлары және «Рузаева» мен №7 БЖСМОР және банкротқа ұшырап, құрылтайшыларын алмастырған шығыстың «Алтайы» бар. Байқадыңыздар ғой, 16 команданың үшеуінің ғана Премьер-лига және Бірінші лига клубтарының дублерларына қатысы жоқ. Онда да «Алтай» тек соңғы сәтте ғана қосылды. Олай болса, «Дублерлар турнир» емей немене? Атауын өзгерткеннен біріншіліктің мәртебесі асып кете қойған жоқ қой. Неге облыс біріншіліктерінің чемпиондары жоқ? Неге оларға арналған тағы бір чемпионат ұйымдастырмасқа? Қазақстан футбол федерациясының бұған шамасы жете ме?

Бұл тақырыпты былтырдан бері көтеріп жүрміз. Нәтижесін әлі көрмедік. Соңғы рет облыс чемпиондары арасындағы Қазақстан біріншілігі 2015 жылы өтті. Негізі оны да әр облыс чемпиондарының толыққанды біріншілігі дей алмайсыз. Финалдық кезеңде кейбір аймақтардан 2-3 команда қатысқан уақыттар да болды. Бірақ, соған қарамастан аймақ жеңімпаздары бір уақыт бір жерде жиналып, арқа-жарқа болысатын. Мәселен, 2012 жылы Жетісайдың «Мақтааралына» тең келер команда болмай, оңтүстік жігіттері Бірінші лига жолдамасын жеңіп алды. 2014 жылы Қызылордада өткен финалдық кезеңнің нәтижесі бойынша «Байқоңырға» қарсылас шақ келмей, олар да қазір Бірінші лигада ойнап жүр. 2015 жылы аймақтар чемпиондары арасындағы ел біріншілігі елордада өтіп, «Прогресс» чемпион атанған. Алайда, қаржы тапшылығына байланысты былтыр Бірінші лигаға өте алмады да, ешкімнен қолдау таппаған олар ақыры команданы жауып тынды.


ФК "Прогресс" қолдау таппай келмеске кетті

Былтыр Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы Екінші лиганың дәрежесін өсіріп, жартылай кәсіпқой мәртебесін берді. Оған дейін кезең-кезеңімен бір жерде өтіп, алдымен іріктеу турнирінің, кейін финалдық кезеңнің жеңімпазын анықтап жүрген командалар енді апта сайын бір турдан үйде және түзде өткізуге мәжбүр болды. Әлбетте, бұған көптеген командалар дайын болмай шықты. Сондықтан, Кәсіпқой футбол лигасы тығырықтан шығудың басқа жолын қарастырып, әуесқойдан келген «Рузаевка» мен Шымкенттің №7 спорт мектебіне Премьер-лига клубтарының қосалқы командаларын қосып қойды. Ал облыс біріншіліктерінде жеңіске жетіп, спорттық принціп бойынша Екінші лигаға жолдама алған командалар далада қалды. Алайда, байыбына барып қарасақ, Екінші лигаға қатысу үшін аса көп қаржының да қажеті жоқ. Команданың бюджеті 50 млн. теңгені құраса жетіп жатыр. «Рузаевка» командасының жетекшісі Игорь Романенконың айтуынша, тіпті 20 млн. теңгемен де маусымға араласуға болады. Егер келіссөздер жүргізіп, спорт басқармаларын көндіре білсе, өз чемпиондарын Қазақстан біріншілігіне қатыстыруға кез-келген облыс әлгі 20 миллионды қиналмай-ақ тауып бере алады. Бұл қаржы тіпті, аудандар үшін де аса көп емес. Аягөз, Жаңақорған, Меркі, Түркістан, Сарыағаш, Жаңаөзен, Шалқар, Райымбек, Қарасай, Іле, Балқаш сынды өз қолдары өз ауыздарына жетіп отырған аудандарымыз аз емес. Ойыншылары әуесқойлардан құралса да әрқайсысы бір командадан баптап шығара алады. «Рузаевка» да сол әуесқойлардан басталды емес пе? Тек тілдерін таба білу қажет.

Тоқетері, осының барлығын жинап, Үшінші лига құруға болады. Тіпті болмаса, облыс біріншіліктерінің чемпиондары үшін баяғы жүйені қалдырып, барлық жеңімпаздар финалдық кезеңде бір қалаға жиналып, бір аптаның ішінде ел чемпионын анықтауы тиіс. ҚФФ тарапынан қолдау болған жағдайда Астана футбол федерациясы финалдық кезеңді елордада өткізуге ықыласты қазірден-ақ білдіріп отыр. Ал дублерлар турнирін Екінші лига деп кімді алдап жүргенімізді сол күйі түсіне алмадым.    

Авторы: Әзиз ЖҰМАДІЛ

Тегтер: Астана футбол федерациясыҚазақстан футбол федерациясыҚФФӘуесқой футболЕкінші лига

Кері қайту
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку