Шет елге кеткен футболшыға ұлттық құрама сапында орын жоқ па?

Футбол
Шет елге кеткен футболшыға ұлттық құрама сапында орын жоқ па?
Беларусь кубогы. Хижниченко пенальтиді мүлтіксіз орындады. Фото: fcshakhter.by
Күзде ғана Польша құрамасының қақпасына екі гол соққан Сергей Хижниченко қыста Беларусь клубына ауысып, көктемде ұлттық құрама сапынан тыс қалды...

Хижниченко неге құрама сапынан тыс қалды?

Армения құрамасы сапындағы 18 футболшы шет елдердің азулы командаларында ойнайды. Ал біздің құрама сапындағы футболшылардың бәрі – өз чемпионатымызда ойнайтын жігіттер. Дәл қазір бір футболшымыз шет елде ойнайды. Бірақ ол соңғы сәтте құрама сапынан тыс қалды.

Ресейлік жаңа бас бапкеріміз Александр Бородюк «Сергей Хижниченконы біз жаттығу жиындары барысында көрген жоқпыз, ал Беларусь чемпионаты әлі басталған жоқ. Сондықтан біз алаңға шығып ойнап жүрген футболшыларға сенім артуды жөн санадық» депті.

Міне, қызық! Шабуылшыны жаттығу жиындары барысында әлі көрмесе, неге шақырып, іс жүзінде тексеріп көрмейді. Армениямен өтетін ресми матч алдында сол үшін оқу-жаттығу жиыны өткізілген жоқ па? Жаттығу жиыны не үшін өткізіледі? Құрама 19 наурыздан бері сол үшін жиналып, дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр емес пе?


Шетелдік клубтарға кетпеген дұрыс па?..

Жалпы, футболшыны жаттығу жиынына шақырудың маңызы зор. Тіпті адамгершілік тұрғысынан алғанда да, шет елге кеткен жігіттерімізді ОЖЖ шақырып, оған қолдау көрсетіп, жігерлендіре түссе, нұр үстіне нұр емес пе? Барған командасында футболшының беделі де өсе түспей ме?

Шетелдік клубтардың біріне кетіп, ұлттық құрама сапына шақыртылмайтын болса, онда қай футболшының “жылы” орнын суытқысы келеді. Осыдан кейін кім шет елге кетеді?! Онсыз да, шетелдік клубтарға кетуге аса талпынбайтын футболшыларымыз енді бұл мәселені ойлауды да түпкілікті доғаратын шығар...

Кипр құрамасымен өткен ойынның бірінші жартысында біздің ойыншыларымыздың гол соғатын бірнеше мүмкіндіктері болды. Алайда соның біреуінде ғана гол соғудың сәті түсті. Қалған ойын сәттерінде алғы шептегі футболшыларымыз мүлт кетіп немесе қателесіп, бірнеше шабуылымыз нәтижесіз аяқталды.

Бұл дегеніңіз – шабуыл өтінде әлі бәрі де ойдағыдай емес деген сөз. Шабуылшылар арасындағы бәсекелестікті күшейту керек. Біздің құрама 2018 әлем чемпионатының іріктеу турнирінде әзірше төрт ойын өткізіп, үш гол соқты. Соның екеуін осы жолы құрама сапына ілікпей қалған Хижниченко соққан болатын.


Хижниченко Беларусь клубы сапында неше гол соқты?

Өздеріңіз білесіздер, жыл басында Сергей Хижниченко Беларусь елінің «Шахтер» (Солигорск) клубына ауысты. Содан бері осы командамен екі оқу-жаттығу жиынына қатысты. Жаңа командасының Түркия мен Испаниядағы жаттығу жиындары барысында өткізген жолдастық кездесулерінің бәрінде де алаңға шықты. Кем дегенде, бір тайм ойнап отырды.

Жақында, 12 және 18 наурыз күндері, Солигорск клубы Беларусь кубогы додасының ширек финалында екі матч өткізді (түзде және үйде). Екеуі де – ресми матч. Хижниченко бір гол соқты. Ал 25 наурызда «Шахтер» өз алаңында «Днепр» (Могилев) клубымен жолдастық кездесу өткізді. Хижниченко екінші таймда алаңға шығып, екі гол соқты. Тағы бір гол Сергейдің пасынан кейін соғылды.


Ең бастысы, осы командада пенальти тебу құрметіне ие болды. Бұған дейінгі ойындарда кейбір футболшылары 11-метрлік айып добын орындауда мүлт кеткен болатын. Сондай-ақ «Шахтер» клубының жаңа спорттық киімдерінің таныстырылымына іріктеліп алынған алты футболшының бірі болды. Бұл да оның жаңа командасында сенім үдесінен шығып жүргендігін білдіретіндей.   

Қысқасы, Хижниченко қаңтар айының аяғынан бері Беларусь клубы сапында 14 ойын өткізді (12 жолдастық кездесу және Беларусь кубогының ширек финалындағы екі матч). Осы матчтарда бес гол соғып, төрт пас берді. Қазақстаннан кеткелі «ойын тәжірибесі жоқ» деп айтудың қисыны келіңкіремейтіндей. Ең соңғы ойында ерекше көзге түсті (2 гол + 1 пас). Яғни спорттық бабына енді келе бастағандай. 

Авторы: Нұрғазы САСАЕВ

Тегтер: Александр БородюкСергей ХижниченкоҚазақстан құрамасыҰлттық құрамаПольшаПенальтиГолШабуылшыАрменияӘлем чемпионаты - 2018

Кері қайту
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку