«Ордабасы» қола жүлдегер мәртебесінде «Оқжетпестен» басым түсті

Футбол
«Ордабасы» қола жүлдегер мәртебесінде «Оқжетпестен» басым түсті
«Ордабасы» – «Оқжетпес» – 3:2. Фото: okzhetpes.kz
«Ордабасы» биылғы маусымдағы соңғы ойынын өз алаңында өткізіп, премьер-лигадағы орнынан айырылып қалған «Оқжетпесті» тізе бүктірді.

Бұл ойынның нәтижесі екі команданың да турнир кестесіндегі орындарына ешқандай әсер етпейтін еді. Матч қалай аяқталса да, «Ордабасы» қола жүлдесін алады, ал «Оқжетпес» бірінші лигаға кетеді. Содан болар, Оңтүстік Қазақстан облысының клубы алаңға жартылай қосалқы құрамын шығарды. Маусым бойы өз кезектерін күтіп отырған ойыншыларына мүмкіндік берілді.

Ал «Оқжетпес» премьер-лигадағы орнынан айырылып қалса да, «есікті» серпе жауып кеткісі келгендей. Алаңға қатардағы ойыншыларын іріктеп шығарып, табан тіресе додаға түсті. Әрі жанталасып жүріп, есеп ашты. Голды биыл жанкештілігімен көзге көп түскен Тимур Досмағамбетов соқты.

«Ордабасы» өз жанкүйерлері алдында ұтылып қалғысы келмей, екінші таймда алаңға Преслав Йордановты шығарды. Болгар шабулшысы сенімді ақтап, екінші таймның басында басында таразы басын теңестірді. Алайда «Оқжетпес» те қарап қалмады. Бес минуттан кейін қайтадан алға шықты. Голды қорғаушылардан сытылып кетіп, қақпашымен бетпе-бет шыққан Олег Недашковский соқты.

Алаң иелері шынымен де қобалжи бастады. Матчтан кейін қола жүлделері табысталып, марапаттау рәсімі өту керек. Көрермендер біршама жиналған. Ал қарсыласы осал да болса, дес берер емес. Сондықтан «Ордабасы» бапкерлері алаңға Рохер Каньясты шығарды. Әрі қамшыны басып, шабуылды үдете түсті.

Матч соңында Преслав Йорданов екі гол соғып, өз командасына жеңіс әперді. Соңғысын да баспен соқты. «Оқжетпестің» қорғаушылары мен жас қақпашысы алаң иелерінің еңгерзедей шабуылшысынан көз жазып қалып, жеңісті уыстарынан шығарып алды. Мүмкіндік болса да, биылғы премьер-лига додасындағы соңғы ойында да ұтылды.

«Ордабасы» – «Оқжетпес» – 3:2 (0:1)

Голдар: Досмағамбетов, 40 (0:1). Йорданов, 51 (1:1). Недашковский, 56 (1:2). Йорданов, 80 (2:2). Йорданов, 87 (3:2).

Ескертулер: Қожабаев, 63. Досмағамбетов, 63. Бекбаев, 74. Адырбеков, 78. Мұхтаров, 82. Дайыров, 90+1.

«Ордабасы»: Бекбаев, Қожабаев (Каньяс, 66), Мұхтаров, Бейсенов (Жақсыбаев, 82), Ирисметов, Диакате, Симчевич, Бочаров, Тұңғышбаев, Нұрғалиев (к), Гейнрих (Йорданов, 46).

Қосалқы құрам: Шайзада, Ковальчук, Әшірбеков, Смақов, Төлебек.

«Оқжетпес»: Голубничий, Дайыров, Абдулин, Гошкодеря, Адырбеков, Волков, Куксин (Гогуа, 46), Матвеев, Недашковский, Досмағамбетов (к), Шафф (Әбілғазы, 88).

Қосалқы құрам: Әбжанов, Лебедев.

Төрешілер: Байымбет (Тараз), Павлов (Алматы), Панин (Қостанай).

05 қараша, 2017. Шымкент, «Қажымұқан» атындағы стадион. 4000 көрермен.


* Ескерту – «Атыраудан» 3 (үш), ал «Тараздан» 6 (алты) ұпай шегерілген

Авторы: Айқын ЖАППАР

Тегтер: Қазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Оқжетпес"Бірінші лига"Ордабасы" ФКПреслав ЙордановKazakhstan Premier LeagueOrdabasy ShymkentOkzhetpes Kokshetau

Кері қайту
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку