«Астана» «Қайратпен» өтетін ойында чемпион болғысы келе ме?!

Футбол
«Астана» «Қайратпен» өтетін ойында чемпион болғысы келе ме?!
Бас бапкерді ұйып тыңдау... Фото: fca.kz
«Астана» ХХХІ турда Шымкентте жеңіліп қалып, өкшесін басқан «Қайрат» үшін көмескі тарта бастаған үміт сәулесі жылт ете қалғандай болды.

Кеше Станимир Стойловтың шәкірттері «Ордабасы» клубынан ұтылып қалғанда, отандық футбол жанкүйерлері, әсіресе, «Қайраттың» фанаттары елең ете қалып, турнир кестесіне үңілді. «Чемпион сүрінді, енді оларды алматылықтар қуып жете ала ма, бұл мүмкін бе» деп, үміттеніп қалғандар мен елегізіп отырғандар аз емес.

Алайда «Астананың» өз есебі өзінде сияқты. Шымкентке негізгі құрамдағы сегіз ойыншысын апарған жоқ. Себебі 11 қазаннан бері үш-төрт күнде бір ойыннан өткізіп келеді. Әрі 5 қарашаға дейін дәл осылай ойнау керек. Сонда 25 күнде – сегіз ойын! Оңай емес, әрине...

Сондықтан «Астананың» бапкерлері негізгі құрамдағы сегіз ойыншысын түздегі соңғы матчқа апармай, тынықтырып алғанды жөн көрді. Әрі «Ордабасы» клубының стадионын біледі. Ойыншыларын жарақаттап алмау керек. Қысқасы, Шым-қалада «қырық пышақ» болғылары келмегендей...

Сөйтіп, «Қайраттан» жеті ұпай озық тұрған «Астана» осындай шешім қабылдап, тәуекелге бел буды. Алаңға жартылай қосалқы құрамын шығарды. Кім біледі, бәлкім, Шымкентте ұтыламыз деп ойламаған да шығар. Бірақ «жеңіспен оралмайтындарын білді» деген пікірдеміз.    

Ұзын сөздің қысқасы, елордалықтар «Ордабасыдан» ұтылып қалып, «Қайратпен» арадағы ұпай айырмасы қысқарды. Үш ұпайға! Сәрсенбі күні көш соңындағы «Оқжетпесті» өз алаңында қабылдайды. Жеңіске жетсе, Алматы клубынан төрт ұпай озады. Яғни соңғы екі турдың біреуінде жеңіске жетсе, биыл да чемпион болады.

Айтпағымыз, бәрі де – «Астананың» өз қолында. Жеті ұпай озып кеткендіктен, алдағы маңызды ойындарын ойлап, арқаны кеңге салып жүр. Өйткені «Оқжетпес» пен «Ақжайықты» жеңетіндеріне сенімді де шығар. Ел чемпионатының алтынын да, Еуропа лигасының келесі кезеңін де ойлайды...

Енді бір көңіл аударарлық жәйт, егер «Астана» 25 қазанда «Оқжетпесті» ұтып, қоржынына үш ұпай салса, алдағы жексенбіде «Қайратпен» өтетін ойында төртінші рет чемпион бола алады. Ол үшін тек ұтылмау керек, тең түссе де жетіп жатыр. Жанкүйерлері үшін бұдан артық қуаныш бар ма?!

«Астананың» бапкерлері мен басшылары осыны да ойлап, бәрін де есептеп, “өлшеп-пішіп” отыр ма екен?! Чемпиондық атаққа «Қайратпен» өтетін матчта қол жеткізген үлкен мәртебе шығар. Ал ұтылып қалса, тағы бір мүмкіндігі бар. Соңғы турда «Ақжайықты» қабылдайды.

Бірақ бар мәселені соңғы турға қалдырмаулары керек. Себебі қарашаның 2-сінен 3-іне ауған түні Израильде (Нетанияда) «Маккабимен» кездеседі. Ал соңғы тур – 5 қарашада. Алыс жолдан шаршап келулері де мүмкін. Сондықтан «Ақжайықпен» болатын ойында тағы да жартылай қосалқы құрамын шығарса да, таң қалмаймыз...

Қалған ойындар:

25 қазан, ХХІV тур

«Астана» – «Оқжетпес»

28 қазан, ХХХІІ тур

«Астана» – «Қайрат»
«Шахтер» – «Тобыл»
«Оқжетпес» – «Ертіс»
«Ақжайық» – «Қайсар»
«Атырау» – «Тараз»
«Ақтөбе» – «Ордабасы»

2 қараша Еуропа лигасы

«Маккаби» (Тель-Авив) – «Астана»

5 қараша, ХХХІІІ тур

«Астана» – «Ақжайық»
«Қайрат» – «Ақтөбе»
«Ертіс» – «Шахтер»
«Тобыл» – «Атырау»
«Тараз» – «Қайсар»
«Ордабасы» – «Оқжетпес»


* Ескерту: «Атыраудан» 3 (үш), ал «Тараздан» 6 (алты) ұпай шегерілген

Авторы: Нұрғазы САСАЕВ

Тегтер: Станимир СтойловFC AstanaҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Қайрат"Еуропа лигасы"Астана" ФКЧемпиондық атақАлтын медальKazakhstan Premier LeagueKairat AlmatyStanimir StoilovUEFA Europa League

Кері қайту
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку