«Астана» – «Ертіс»: Алтынға апарар жол...

Футбол
«Астана» – «Ертіс»: Алтынға апарар жол...
«Астана» – «Ертіс» – 2:1. Фото: fca.kz
«Астана» ХХХ турда «Ертісті» өз алаңында қабылдап, дүдәмал пенальтидің арқасында жеңіске жетті.

«Астана» бұл ойынға негізгі құрамдағы ойыншыларының барлығын дерлік шығарды. Тек Ласло Кляйнхайслер мен Марин Аничич қана жарақаттарынан әлі айығып кетпеген. Қалғандары қатарға қосылыпты. Мұжықов та, Шомко да бірінші минуттан бастап алаңға шықты. Ал Граховац екінші таймда ойынға қосылды.

Бірақ жарақат алып қалып, қатарға қайта қосылған ойыншылары мен өз елдерінің ұлттық құрамалары сапына барып келген футболшылары көсіле сілтей алмады. Спорттық баптарына әлі келе қоймағандай демейміз, бірақ суып қалған автокөлік қозғалтқышы секілді... Қыздыра түсу қажет...

Бірінші таймда «Астана» футболшыларының жылдамдықтары аса жоғары болмады. Ал бұл қорғанушы команда үшін өте ыңғайлы ғой. Алаң иелері қай қапталмен шабуылдаса да, павлодарлықтар олардың алғы шептегі ойыншыларының жолдарын бөгеп, бекініс түзіп, бәріне үлгеріп отырды.

Ал «Астана» қонақтарын тықсырып, өз қақпасына қарай қыса түсті. Қақпа алдында футболшылар көп болып, қонақтарының қорғанысын бұзып немесе «тесіп» өте алмады. Тіпті алыстан тепкен доптары да өтпей қойды. Жол-жөнекей тығыз орналасқан қорғаушылардың біріне тиіп, кері ұшады немесе бағытын өзгертеді.

Елордалықтар сонда да «Ертісті» қақпасына қарай қыса түсті. Ал серіппені қысқан сайын серпілу күші пәрменді болмай ма?!. Дәл осылай, «Ертістің» де қарсы шабуылдары өте қауіпті болды. Ойынның басында Антонио Родригоның гол соғатын тамаша мүмкіндігі болған. Бірақ ол ұрымтал жерден қақпаны емес, қақпашыны көздеді. Әйтсе де, дәл осы ойыншы есеп ашты.

Қонақтардың бірінші таймның аяғындағы қарсы шабуылдарының бірі болатын. Бір сәтке де тізгін тартпайтын Фонсека допты әріптесінің алдына салып берді. Родриго бұл жолы мүлт кеткен жоқ. Бірден шірене теуіп, қорғаушыны да, қақпашыны да шалыс басқан сәттерінде қапы қалдырды.

Екінші таймда «Астана» «Ертістің» тығыздалған қорғанысын «тарқата түсуге» тырысты. Көбінесе шабуылды алаңның орта тұсынан бастауға көшті. Сөйтіп алғы шептегі ойыншыларының емін-еркін қозғалуларына мүмкіндік пайда бола бастады. Әрине, бұдан нәтиже шықты. Ел чемпионы екі гол соғып, жеңіске жетті.

Бірінші голды екінші таймда алаңға шыққан Роман Муртазаев басымен соқса, екіншісін Патрик Твумаси пенальтиден енгізді. Төрешінің пікірінше, «Ертістің» қорғаушылары алға ентелеген Шомконы шалып жыққан екен. 11-метрлік айып соққысы сол үшін берілді. Әрине, қонақтары бас қазының бұл шешіміне наразы болды...

Бұдан кейін есеп өзгерген жоқ. «Астана» Давид Лория жетекшілік еткен «Ертістің» қорғанысын бұзып өте алмай қойды. Әрі арттарына қарайлап, жеңісті есепті уысынан шығарып алмауды да ойлады. Ал қонақтар таразы басын теңестіретін тамаша мүмкіндікті тағы да мүлт жіберіп алды. Матч соңыңда Фонсеканың өзі асып-сасып, ұрымтал жерден қиыс тепті...               

Сөйтіп, бұл ойын алаң иелерінің жеңісімен аяқталды. «Астана» саф алтынға нық қадам жасап, «Қайратпен» арадағы ұпай айырмасын ұлғайта түсті. Әрі «Ертісті» қола жүлдеге қол созу мүмкіндігінен түпкілікті айырды. «Ордабасы» қазіргі 52 ұпайымен-ақ тұңғыш рет ел чемпионатының жүлдегері атанып отыр...

«Астана» – «Ертіс» – 2:1 (0:1)

Голдар: Родриго, 41 (0:1). Муртазаев, 52 (1:1). Твумаси, 64-пенальтиден (2:1).

Ескертулер: Постников Евгений 45+1, Стаменкович Милош 59, Алиев Пиралы 72, Бейсебеков Абзал 90+2.

«Астана»: Эрич (к), Шитов, Логвиненко, Постников, Шомко, Бейсебеков, Маевский, Мұжықов (Граховац, 77), Томасов (Муртазаев, 46), Твумаси (Тағыберген, 89), Кабананга.

Қосалқы құрам: Мокин, Жақыпбаев, Шайыхов, Малый, Прокопенко, Деспотович.

«Ертіс»: Лория (к), Живкович (Маслач, 66), Стаменкович, Дәуітов (Калинин, 81), Кислицын, Огиря, Родриго, Алиев, Дарабаев, Фонсека, Бугаев.

Қосалқы құрам: Калмыков, Смайылов, Түлиев, Есімов, Шабалин, Фофана, Попов.

15 қазан, 2017. Астана, «Астана Арена». 4000 көрермен.


Авторы: Нұрғазы САСАЕВ

Тегтер: Давид ЛорияПатрик ТвумасиFC AstanaҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионатыПенальти"Ертіс""Астана" ФКФонсекаKazakhstan Premier LeagueIrtysh Pavlodar

Кері қайту
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку