Қола жүлде қол созым жерде – «Ордабасы» «Ақжайықты» әзер ұтты

Футбол
Қола жүлде қол созым жерде – «Ордабасы» «Ақжайықты» әзер ұтты
«Ордабасы» – «Ақжайық» – 3:2. Фото: fcordabasy.kz
«Ордабасы» ХХІХ турдағы ойынын өз алаңында өткізіп, бұл жолы «Ақжайықты» әупіріммен әзер ұтты.

«Ордабасы» «Ақжайықты» бұған дейін екі рет ұтқан болатын. ХІ турда өз алаңында 3:0 есебімен басымдық танытқан. ХХІ турда Жайық жағасында 2:1 есебімен жеңіп, үш ұпай олжалап қайтқан. Ал бүгін Орал клубын әзер жеңді. Үш мәрте алға шығып еді, қонақтар екі рет есепті теңестіріп, тек соңғы минуттарда соғылған допқа “жауап қайтару” мүмкін болмады.

Бірінші таймда Мардан Төлебек айып соққысын орындап, есеп ашқан. Іле-шала «Ақжайық» допты ойынға бұрыштан қосты. Алаң иелері допты кері тойтарып әлек боғанымен, қақпа алдындағы қарбаласта Майкл Одибе шірене теуіп, таразы басын теңестірді.

Екінші таймның басында Азат Нұрғалиев айып соққысын орындады. Әуелеп келген допты Срджан Вуяклийа басымен қақпаға дәл түсірді. Қонақтарға таразы басын теңестіру үшін біраз уақыт қажет болды. Оң қанаттан әуелеп ұшқан допты қарауылсыз қалған Денис Главинаның ыңғайына келтіріп те, қақпаны дәл көздеп те тебуіне ешкім де кедергі жасамады.

Матчтың соңғы минутында Еркебұлан Тұңғышбаев оң қапталмен алға ентелеп, допты көлбеулете ортаға тастады. Преслав Йорданов иық тірескен қорғаушыдан бұрын қимылдап, үшінші рет алаң иелерін алға шығарды. Қақпашы Вячеслав Котляр үшінші рет сан соғып, қапы қалды.

Сөйтіп, «Ордабасы» үш ұпайға қол жеткізді. Қазір 30 ойыннан 52 ұпай еншілеп, үшінші орында тұр. Төртінші орындағы «Ертістің» 41 ұпайы бар. Бірақ енді олардың оңтүстікқазақстандықтарды қуып жетуі мүмкін емес, десек те болады.

«Ордабасы» – «Ақжайық» – 3:2 (1:1)

Голдар: Төлебек, 38 (1:0). Одибе, 45+1 (1:1). Вуяклийа, 50 (2:1). Главина, 73 (2:2). Йорданов, 90 (3:2).

Ескертулер: Ерсәлімов, 35. Одибе, 37. Мұхтаров, 75.

«Ордабасы»: Бекбаев, Төлебек, Смақов, Мұхтаров, Тұрсынбай, Диакате, Бочаров (Петрак, 60), Каньяс, Нұрғалиев (к), Тұңғышбаев (Қожабаев, 90+3), Вуяклийа (Йорданов, 85).

Қосалқы құрам: Нурмухаметов, Ирисметов, Әшірбеков, Жақсыбаев, Гейнрих, Жұмаханов.

«Ақжайық»: Котляр, Ерсәлімов (Аренас, 69), Николич, Одибе, Шмидт, Говедарица (к), Главина, Шабаев (Сапанов, 90+1), Заречный (Тапалов, 62), Перцух, Дудченко.

Қосалқы құрам: Төлебаев, Коронель, Дурович, Зұлпықаров.

Төрешілер: Алиев, Тергеусізов (екеуі де – Алматы), Жаппасбаев (Қызылорда).

30 қыркүйек, 2017. Шымкент, Қажымұқан атындағы стадион. 3500 көрермен.



Авторы: Айқын ЖАППАР

Тегтер: Қазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионатыҚола жүлде"Ақжайық"Азат Нұрғалиев"Ордабасы" ФКМардан ТөлебекKazakhstan Premier LeagueOrdabasy ShymkentAkzhayik Oral

Кері қайту