Қазақ топырағы аяқдоп өнерінен де талантқа кенде емес

Футбол
Қазақ топырағы аяқдоп өнерінен де талантқа кенде емес
Қазақстан жеткіншектері – Гранаткин турнирінің күміс жүлдегері. Фото: granatkin.com
Санкт-Петербургте ХХІХ "Гранаткин мемориалы" халықаралық турнирі тәмәмдалды. Қазақстан U-19 құрамасы Нева жағалауында күміс жүлдегер атанып, өз өнерлеріне көпшілікті тәнті қылды.

Топтық ойындарды үдемелі қарқынмен бастадық   

Сонымен Гранаткин мемориалы халықаралық турнирі аяқталды. Қазақстан қырандары қайсарлық және жігерлік танытып, көпшілікті сүйсіндірді. Әр ойын сайын өздеріне деген сенімділіктері арта түсіп, өз қабілеттері мен мүмкіндіктерін паш ете бастады.

Әуелі Словакия жеткіншектерімен тең түсті (0:0). Көпшілік қайран қалды. Мартин Шкртел, Марек Гамшик шыққан елде таланттар аз болмаушы еді. Орталық Еуропандағы бұл елдің құрама командалары ұжымдық ойын үлгісіне иек артатын. Деңгейлері жоғары болса керек еді... 

Бұдан кейін қазақтың сайын даласынан барған жас қырандар Әзірбайжан бозбалаларын жеңіп кете жаздады. Есеп – 2:2. Қорғаныста шектен тыс мұқият болып, қарқындарын сәл-пәл үдете түскенде жеңіске де жетер еді.

2016 жылғы 17 жасқа дейінгі Еуропа чемпионатының финалы Бакудегі төрт стадионда өткен. Бұл өз кезегінде Әзірбайжанда футболдың дамуына ерекше серпін берген. Содан болар бұл елдің жас таланттары өрлеу үстінде, осы жас шамасындағы құрамаларының да әлеуеті зор болатын.


Гранаткин турнирінің былтырғы жеңімпазын жеңдік. Фото: granatkin.com

Гранаткин турнирінің жеңімазын жеңіп, Грекиядан есе қайтардық

Әйтсе де, осы ойыннан кейін жігіттеріміз ширай түсті. Әуелі Литва жеткіншектерін 2:0 есебімен тізе бүктірді. Одан соң былтыр ғана осы Гранаткин турнирін жеңіп алған Словения сайыпқырандарын дәл осындай есеппен (2:0) сүріндірді.

Жартылй финалда Грекия бозбалаларын 2:1 есебімен ұтты. Әрі 50 минуттай кем құрамда ойнады (Бір футболшымыз алаңнан қуылды). Осы жерде мына деректерге, яғни екі ойынның нәтижесіне көңіл аударғымыз келеді:

27.09.2015 жыл (Исландия): Грекия U-17 – Қазақстан U-17 – 6:0

15.10.2016 жыл (Андорра): Грекия U-17 – Қазақстан U-17 – 1:0

Екі матч та Еуропа чемпионаттарының іріктеу турнирі аясындағы ойындар болатын (2016 және 2017 жылғы). Екеуінде де команданың негізгі құрамын, денін Санкт-Петербургте ойнаған өрендеріміз құраған. Екеуінде де Қазақстан U-17 құрамасының бапкері Александр Кузнецов болған...

Міне, біздің жеткіншектеріміз бен жас бапкеріміз осы екі ойында жіберген еселерін Нева жағасында қайтарды. Әрі өздерінің ысылып, жетіліп келе жатқандарын көрсете білді.


Айдос Орал – турнирдің үздік ойыншыларының бірі. Фото: granatkin.com

Финалда неге ұтылдық?

Иә, финалда ұтылып қалды. Біріншіден, алаң иелерін қарсы ойнау оңай болмаған сияқты. Мұны бас бапкер де, ойыншыларымыз да айтып жүр. Бірінші таймда толғаныстарын тарқата алмай, көп жаңылысты...

Екіншіден, ұйымдастырушы ел былтыр ғана бас бәйгеден айырылып қалған болатын. 2016 жылы Словения құрамасы топ жарған-ды. Сол себепті Ресей екінші жыл қатарынан “ауызды қу шөппен сүртіп” қалмас үшін барын салды. Ал біздің құраманың финалға шыққанының өзі ерен жетістік болатын.

Үшіншіден, ұйымдастырушылар турнирді тым созып жіберген де секілді. Екі апта, 16 құрама. Аз емес, әрине. Содан соң, жасанды алаң. Әрі финалға дейін құрама сапы да селдіреп қалды. Белді ойыншыларымыздың біреуі жартылай финалда алаңнан қуылған.

Төртіншіден, турнирдің өткізілген мерзімі әлі де болса, бізге қолайлы емес сияқты. Мәселен, премьер-лигадағы командалар маусымаралық демалыстан шығып, оқу-жаттығу жиындарын бастайтын кез. Соның кесірінен «Астана» бір қорғаушысын алып кетті, екі жартылай қорғаушысын мүлде жіберген жоқ...  


Александр Кузнецов – тәжірибесі толысып келе жатқан бапкер. Фото: granatkin.com

Балалармен бірге жас бапкер де жетіле түскендей

Биылғы Гранаткин турнирде Қазақстан U-19 құрамасының 16-18 жастағы ойыншылары ғана емес, аға жаттықтырушысы Александр Кузнецов та өзінің шыңдалып, тәжірибесі толысып келе жатқандығын көрсетті.

Тактикалық тұрғыда сауаттылық танытты. Ең бастысы, тіпті әсіресе де, жас жігіттерді қайрап, алаңда көсіле сілтеулеріне қол жеткізді. Жеткіншектерімізді жігерлендіре білді, олардың өз қабілетттері мен мүмкіндіктеріне деген сенімділіктерін арттыра алды.

Бір қызығы, бас біреулердің оны «физрук» деп қалғанын да естідік. Бірақ, негізі, осындай бәрін төменнен бастаған мамандардан білікті бапкер шығады. Өйткені олар бәрін өз көздерімен көріп, өз бастарынан кешіріп, өмірдің сан түрлі сынақтарынан өтеді.

Ал кабинетте отырып алып, «Жаттықтырушы» лицензиясын алғандардың бәріне бірдей теориялық білімдерін жасыл алаңда жүзеге асырудың орайы келе бермейді. Әрине, мұндай мамандардың ішінен де “жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” шығып жатқандары бар. Десек те...


Қазақ футболының талантты тарланбозы – Еркебұлан Сейідахмет. Фото: granatkin.com

Нева жағасындағы жетістіктеріміз 

1981 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі турнирде тұңғыш рет жүлделі орынға ие болдық. Финалға шығып, тек алаң қожайындарынан ұтылдық. Бұған дейінгі ең жоғарғы көрсеткішіміз 14-орын болатын (2015 жыл).

Екі бірдей жекелей жүлдеге ие болдық. Екі жігітіміз турнирдің ең үздік ойыншысы атанды. Айдос Орал «Ең үздік жартылай қорғаушы», ала Еркебұлан Сейідахмет «Ең үздік» шабуылшы» болып танылды.

Қазақ, Еуропа, тіпті әлем футболында талантты футболшы өсіп келе жатқандығын паш еттік. 17-ге әлі толмаған Еркебұлан Сейідахмет мамандардың бәрін сүйсіндіріп, отандық жанкүйерлердің көзайымына айналды.

Дарынды жас жеткіншектеріміздің бар екендігіне, тек “тұлпарды тай кезінен тани алмай жүрген” өзіміз екеніне көз жеткіздік. Қазақ даласы аяқдоп өнерінен де талантқа кенде емес екен! Тек легионерлерге сүзіле қарап, иек арта бермей, өз жастарымызға мүмкіндік беру керек.

Авторы: Нұрғазы САСАЕВ

Тегтер: Александр КузнецовҚазақстан құрамасыГранаткин мемориалыҚазақстан U-19Еркебұлан СейідахметАйдос ОралТалант

Кері қайту