Албанияда тауы шағылған «Қайрат» «Атырауды» да жеңе алмады

Футбол
Албанияда тауы шағылған «Қайрат» «Атырауды» да жеңе алмады
«Қайрат» – «Атырау» – 1:1. Фото: fckairat.com
Албанияда «Скендербеуден» ұтылып, Еуропа лигасынан шығып қалған «Қайрат» бүгін Алматыда «Атырауды» да жеңе алмады.

Корчада сүрініп, «Скендербеуден» ұтылған «Қайрат» қалпына келе алар емес. Бас бапкері де қызметінен кеткен. Бұл қызметті уақытша қолына алған Сергей Лабодовский Иво Иличевичті ойын хаттамасына қоспапты. Содан соң қақпашысын ауыстырған.

«Қайрат» әдеттегідей, бірден шабуылға шықты. Қонақтар негізінен қорғанумен болды. Ойынның 11-минутында «Атыраудың» тәжірибелі қорғаушысының өзі қателесіп, әлде Гоудың жанында асып-сасып... допты қолымен қағып жібергендей болды. Төреші ойланбастан пенальти берді.

Әдеттегідей, 11-метрлік айып соққысын команда капитаны Бауыржан Исламхан орындады. Бірақ қақпашыдан айласын асыра алмады. Оның соққысын Андрей Пасеченко тойтарып, «Атырау» ойыншылары жігерлене түсті. Ал алаң иелерінің онсыз да жабыраңқы көңіл-күйлері түсіп кетті...

Әншейінде допты ұршықша үйіретін Исаэль де қиыс теуіп, қақпаны нысанаға алғанда мүт кетуді білмейтін Гоу да мүлт кетіп, «Қайраттың ойын жүрмей қойды. «Атаырау» қорғаушылары алаң иелерінің шабуылдарын қайтарып, ширақ қимылдап, ойларын жүзеге асырмай қойды.

Екінші таймда «Атыраудың» бас бапкері Сергей Павлов екі ойыншысын алмастырып, тың күш қосты. «Қайраттың» Албаниядан шаршап келетіндігін, сонымен қатар көңіл-күйлері сынық екендерін біледі. Ойынның бірінші жартысында тек қорғанысқа көңіл бөліп, тек алаң иелерінің шабуылдарын тойтаруды ойласа, енді өздері алға шықпақ.

Шынымен де, екінші таймда «Атырау» қарсы шабуылдарын жиілетті. Тіпті сондай шабуылдарының бірін сәтті аяқтап, гол да соқты. Предраг Сикимич өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Ал допты серб шабуылшысының аяғына салып бергендер – екінші таймда алаңға шыққан футболшылар.

Бұл гол «Қайраттың» ойыншыларын қамшымен осып жібергендей әсер етті-ау деймін. Олар тайлы-тағымен алға қарай лап қойды. Қарқындарын үдетіп, қонақтарын өз қақпаларына қарай тықсыра түсті. Ес жиғызбай шабуылдаумен болды. Ақыры таразы басын теңестіріп тынды.

Доп ойынға бұрыштан қосылған. Бауыржан Тұрысбектің жанкештілік танытып, қорғаушымен тіріесіп жүріп, допты аяғымен теуіп үлгерді. «Атыраудың» қақпашысы мұндай соққыны күтпеген болуы керек, допқа жете алмай, қапы қалды.

Сөйтіп, бұл ойын тең аяқталды. «Атыраудың» биыл «Қайратқа» қайраты өтіп тұр, әзірше. Бірінші айналымның соңғы турында Жайық жағасында 2:1 есебімен тізе бүктірген. Айтпақшы, сол ойында да алматылықтардың добын Бауыржан Тұрысбек соққан болатын...

«Қайрат» – «Атырау» – 1:1 (0:0)

Голдар: Сикимич, 71 (0:1). Тұрысбек, (1:1).

11-минутта Бауыржан Исламхан пенальти соға алмады.

Ескертулер: Хайруллин, 85.

«Қайрат»: Плотников, Қуат, Арзо, Бато, Сүйімбаев, Элек, Бакаев (Жуков, 74), Исламхан (к), Исаэль, Аршавин (Тұрысбек, 31), Гоу.

Қосалқы құрам: Покатилов, Анене, Рудосельский, Ахметов, Балтабаев.

«Атырау»: Пасеченко (к), Джокич, Двалишвили (Сүлей, 46), Сикимич, Аблитаров, Обшивач, Максимович (Хайруллин, 46), Мәжитов, Нұрыбеков (Қайыраллиев, 73), Абдрахманов, Коробов.

Қосалқы құрам: Нарзикулов, Саломов, Қалмұратов, Әбдірахман, Чичулин, Сергиенко.

Төрешілер: Вишниченко (Қостанай), Жаппасбаев (Қызылорда), Панин (Қостанай).

23 шілде. Алматы, «Орталық». 6800 көрермен.


Авторы: Нұрғазы САСАЕВ

Тегтер: Бауыржан ИсламханҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Қайрат"Пенальти"Атырау" ФКKazakhstan Premier LeagueKairat AlmatyFC AtyrauПредраг Сикимч

Кері қайту
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку