«Ақтөбе» мен «Қайсар» арасындағы тартысты ойын тең аяқталды

Футбол
«Ақтөбе» мен «Қайсар» арасындағы тартысты ойын тең аяқталды
«Ақтөбе» – «Қайсар» – 1:1. Фото: fc-aktobe.kz
Бүгінгі төрт ойынның ішіндегі ең қызықтысы осы матч болды. «Ақтөбе» мен «Қайсар» арасындағы матч шектен тыс тартысты өтіп, тең аяқталды.

Бірінші таймда қонақтар басымдық танытты. Алаң иелері де қалысқан жоқ. Бірақ «Қайсардың» шабуылдары қауіпті болды. Тоқтар Жаңғылышбай «Ақтөбенің» қорғаушыларына тыным берген жоқ. Содан болар, олар 18 минутта Джон Банколе Камарадан көз жазып қалды.

Сьера-Леоне елінің жартылай қорғаушысы «Ақтөбенің» қорғаушылары өзге ойыншылардың басқан ізін аңдып жүргенде, алға ентелеп, Тоқтармен «қабырға» әдісінде доп алмасып, қақпашымен бетпе-бет шықты. Әрі бұл мүмкіндікті мүлт жібермей гол соқты.

Бұл жерде Тоқтар Жаңғылышбайдың да допты дер кезінде Камараға қайтарып бере қойғанын және ыңғайына салып бергенін айта кетуге тиіспіз. «Қайсардың» бұдан кейін де гол соғатын мүмкіндіктері (мүмкін, жартылай мүмкіндіктері дерсіз) болды. Бірақ есепті еселеудің сәті түспеді.

Екінші таймда «Ақтөбенің» бас бапкері Владимир Муханов екі ойыншысын алмастырып, аздаған тактикалық өзгерістер енгізді. Мұнысы түсінікті, енді тәуекелге бел бумаса болмайды. Содан алаң иелері қамшыны басып, қарқындарын бірте-бірте үдете бастады.

Ал ойынның 70-минутында бір легионерін алып тастап, орнына екіншісін шығарды. Жереми Фог-Поррьенің орнына Марко Обрадовичті шығарды. Қапталдағы қорғаушысын шабуылшыға алмастырып, мүлде әріге шапты. Қазақ мұндайды «Нар тәуекел» дейді...

Содан «Ақтөбе» қамшыны басты. Қарқындарын үдетіп, үсті-үстіне шабуылдап, қонақтарын тықсыра түсті. Қақпашы Александр Григоренко алаң иелерінің бірнеше шабуылын тойтарып, қауіпті соққыларын қайтарды. Ақтөбеліктер сонда да тізгіндерін тартпады. Ақыры гол соғып тынды.

Оң қанаттан Қайыров бастаған шабуылды Зенькович қолдап, допты Шимковичтің ыңғайына салып берді. Томаштың шыр айналдыра тепкен добын Григоренко қайтарған, бірақ екінші таймда алаңға шыққан Обрадович құлай созылып, қақпаға қайыра теуіп үлгерді. Гол!

«Қайсар» да ойыншыларын ауыстырды. Бірақ Тоқтар Жаңғылышбайдың орнына шыққан Милан Бойович сенімді ақтады деп айта алмаймыз. Әлгі голдан кейін алаң иелері жігерленіп, ие бермей бара жатқан соң Стойчо Младенов амалсыз қорғанысын күшейтуге тырысты. Ең болмаса, тең есептің өзін ұстап қалу керек...

Соңғы минуттарда «Ақтөбе» құйындай орап соқты. Тізгін тартпай, алға ентелеумен болды. Бірақ «Қайсардың» қорғанысы бұдан кейін қателескен жоқ. Тіпті қарсы шабуыл ұйымдастырып, жеңісті өңгеріп кете жаздады. Десек те, соңғы минуттары шектен тыс тартысты өткен ойын тең аяқталды.

«Ақтөбе» – «Қайсар» – 1:1 (0:1)

Голдар: Камара, 18 (0:1). Обрадович, 72 (1:1).

Ескертулер: Коробкин, 38. Қайыров, 53. Жаңғылышбай, 66. Бойович, 88.

«Ақтөбе»: Сидельников (к), Шестаков, Айтбаев (Қайыров, 46), Колчак, Фог-Поррье (Обрадович, 70), Нейн Еоне, Валиуллин, Савич (Воловик, 46), Шимкович, Муарем, Зенькович.

Қосалқы құрам: Отарбаев, Сәулет, Кәкімов, Шурыгин, Жұмағали, Жүнісов.

«Қайсар»: Григоренко, Әмірсейітов, Ламанж, Граф, Евстигнеев, Коробкин, Камара, Курьор, Байжанов (к) (Мулдаров, 90+2), Джа Джедже (Нарзілдаев, 77), Жаңғылышбай (Бойович, 66).

Қосалқы құрам: Исламқұлов, Алтынбеков, Көкеев, Сақалбаев, Чуреев, Жақаев.

Төрешілер: Абдуллаев (Қаратау), Филоненко, Полуэктов (екеуі де – Тараз).

22 шілде. Ақтөбе, «Орталық». 11000 көрермен.


Авторы: Нұрғазы САСАЕВ

Тегтер: Владимир МухановСтойчо МладеновҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Ақтөбе""Қайсар"КамараKazakhstan Premier LeagueKaisar KyzylordaFC AktobeОбрадович

Кері қайту