Ертең білеміз – Бородюк Байсуфиновтен білікті ме?

Футбол
Ертең білеміз – Бородюк Байсуфиновтен білікті ме?
Дания құрамасы Алматыда жаттығу жұмыстарын өткізді. Фото: dbu.dk
Ертең Еуропада 2018 әлем чемпионаты іріктеу турнирінің алтыншы туры басталады. Қазақстан ұлттық құрамасы Дания футболшыларын қабылдайды.

Еуропаның електік додасындағы алтыншы турдың ойындары әдеттегідей үш күнге созылады (10-12 маусым). Қазақстан құрамасы бақ сынайтын «Е» тобының ойындары ертең түнде өтеді. Жалпы, бұл топтағы ойындарды өте маңызды матчтар деуге болады.

Мысалы, Польша құрамасы өз алаңында Румыния футболшыларын қабылдайды. Осы ойында поляктар жеңіске жетсе, онда олар мүлде қара үзіп кетеді де, румындар әлем чемпионаты жолдамасынан үміттерін үзе бастайды. Црна Гора мен Армения арасындағы ойын да тартысты болуы керек.

Ал Дания құрамасының бапкерлері де, ойыншылары да Алматыға тек жеңіс үшін келгендерін бүкпесіз айтып отыр. 2018 әлем чемпионаты жолдамасына қол жеткізу үшін оларға үш ұпай ауадай қажет. «Қорғанысы осал Қазақстанды жеңбегенде, қай команданы жеңеміз» деп, мәселені төтесінен қойып отырғанға ұқсайды.

Қазақстан ұлттық құрамасына да жеңіс керек. Құрама тізгіні Талғат Байсуфиновтің қолында болғанда, өз алаңымызда Польшадан да жеңілмеген болатынбыз (2:2). Румыниямен де тең түскенбіз (0:0). Енді Ресейден арнайы шақыртқан Александр Бородюк жетекшілік ететін жігіттеріміз Алматыда жеңілсе, онда не болғаны?

Несіне, онда бас бапкер ауыстырдық. Бородюк өзінің отандық маманнан деңгейі жоғары екендігін дәлелдеуі керек деп ойлаймыз. Ал Ресей маманы өзінің біліктілігі мен деңгейінің жоғары екендігін іс жүзінде көрсетіп, дәлелдей ала ма, жоқ па? Оны ертең көреміз. Әліптің артын тосайық...


Авторы: Нұрғазы САСАЕВ

Тегтер: Александр БородюкҚазақстан құрамасыҰлттық құрамаӘлем чемпионатыТалғат БайсуфиновІріктеу ойындарыKazakhstan national football teamДания құрамасыTalgat BaisufinovAlexandr Borodyuk

Кері қайту
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку