“Ордабасы” өз алаңында “Ертіске” есе жіберді

Футбол
“Ордабасы” өз алаңында “Ертіске” есе жіберді
«Ордабасы» – «Ертіс – 0:1. Фото: fcirtysh.kz
Бүгін ХХ турдың орталық екі ойыны мерзімінен ертерек өтіп, «Ордабасы» Шымкентте басты бәсекелесі «Ертістен» ұтылып қалды.

«Ертіс» биыл түзде нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп жүр. Шымкентте де сауатты тактика қолданып, қорғаныста өте мұқият ойнады. Сұрмерген, бесаспап шабуылшысы болғанда, тағы да бір-екі доп соғар да ма еді. Фонсекадан басқа, алғы шептегі легионерлері санімді ақтап жүр деп айта алмаймыз...

«Ордабасы» клубында гол соғатын шабуылшы жоқ.Таңа Нөсербаев алаңға шықпаса, шабуылы жүзі өтпейтін пышақтай, ұшы мұқалған найзадай болып қалады. Былтырғы Филип Касалица, Эдин Юнузович, Милош Трифунович секілді шабуылшылары жоқ қазір...

Жалғыз голды Аслан Дарабаев соқты. Айып алаңының сыртынан шірене теуіп, қақпаға дәл түсірді. Нұрмұхамедовтің саусақтары допқа тигенімен, тойтара алмады. Шыр айнала ұшқан теңбіл доп ырқына көнбеді...

Негізі, Асланның бірінші таймда гол соғатын мүмкіндігі болған. Бірақ Дарабаев допқа секіре атылып, “сүйікті” нүктесінен мүлт кетті. Аяғы допқа тимей, ауаны осып өтті. Бірақ екінші таймның басында «Ордабасы» қорғаушылары күтпеген жерден соқы бағыттап, командасына жеңіс әперді.

Ал «Ордабасы» клубының соңғы екі турда әдемі гол соғуды әдетке айналдырған жартылай қорғаушысына, яғни Еркебұлан Тұңғышбаевқа бұл ойында қақпаны дәл көздеудің сәті түспеді. Сондай-ақ Мардан Төлебек те өзіне ыңғайлы “нүктелерден” бірнеше рет айып соққылырын орындаса да, «Ертістің» қақпасына доп енгізе алмай қойды...    

«Ордабасы» клубының қосалқы құрамында ойыншылары “сығылысып” отырғандарымен, легионерлерінің саны да премьер-лигадағы басқа клубтардан артық болғанымен, бір шабуылшысын алмастыратын ойыншы шықпады...

Айтпақшы, бірінші айналымдағы Павлодарда өткен ойында 1:0 есебімен «Ордабасы» жеңген болатын. Жалғыз голды Фонтанелло соққан. Сонда, «Ертіс» Оңтүстік Қазақстан клубынан да үйде жіберіп алған есесін қайтарып отыр. Бұған дейін Димитар Димитровтың шәкірттері «Ақтөбені» де түзде тізе бүктірген...     

«Ордабасы» – «Ертіс – 0:1 (0:0)

Гол: Дарабаев, 48.

Ескертулер: Дарабаев, 53. Шабалин, 87. Алиев, 90.

«Ордабасы»: Нұрмұхаметов, Смақов, Ерланов, Фонтанелло, Төлебек, Диакате, Симчевич, (Гогуа, 88), Ковальчук, Нұрғалиев (к), Тұңғышбаев, Гейнрих (Бочаров, 39).

Қосалқы құрам: Бекбаев, Абдулин, Адырбеков, Әшірбеков, Бейсенов, Мұхтаров, Жұмаханов.

«Ертіс»: Лория (к), Живкович, Ткачук, Двали, Кислицын, Родриго, Есімов, Гетериев (Алиев, 73), Дарабаев (Шабалин, 75), Фонсека, Фофана (Джа Джедже, 62).

Қосалқы құрам: Калмыков, Бандо Нганбе, Попов, Жұмасқалиев, Чернышов, Воротников.

Төрешілер: Кучин (Қарағанды), Васютин (Алматы), Конивец (Қарағанды)

31 мамыр. Шымкент, «Намыс» стадионы. 3500 көрермен.


Авторы: Нұрғазы САСАЕВ

Тегтер: Аслан ДарабаевДимитар ДимитровҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионатыТаңат Нөсербаев"Ертіс""Ордабасы" ФКФонтанеллоKazakhstan Premier LeagueOrdabasy ShymkentIrtysh Pavlodar

Кері қайту
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку