Қазақтың жас таланты Барселонада "ойран салды"

Футбол
Қазақтың жас таланты Барселонада "ойран салды"
Диас Қалыбаев, Фото әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан алынды.
Құрамында 17 жастағы қазақтың талантты ұланы Диас Қалыбаев өнер көрсететін Испанияның «CE Júpiter» командасының Каталонияның жасөспірімдер лигасының бірінде топ жарды.

Турнирдің ресми атауы «Juvenil Primera Divisio» деп аталады. Командалар төрт топқа бөлініп додаға түскен. Ойыншылардың жасы 17-ден аспауы керек. Қазақ жігіті Қалыбаев өнер көрсететін «Fundacio P.CE. Jupiter» клубы «В» тобына түскен.

Бұл команда чемпионаттың аяқталуына бір тур қалғанда, жеңімпаз атанды. «CE Júpiter» екінші орындағы «Martinenc» командасынан бес ұпай озып кеткен. Ғаламтордағы деректерге сенсек, Диас Қалыбаев осы лигада 12 ойын өткізіп, 12 гол соққан. Әкесі боксшы ғой, Диастың дене бітімі ірі екен. Бізге тура осындай шабуылшылар қажет қой...

Айта кетейік, Диас Қалыбаевтың әкесі Нұрлан Қалыбаев боксшы болған. Балқаш қаласында дүниеге келген. Қарағанды боксының көрнекті өкілдерінің бірі. 90-жылдардың басында Нурлан Калыбаев, Аркадий Топаев, Бектас Әбубәкіров, Василий Жировтар Қарағанды боксын жоғары сатыға көтеріп тастаған болатын.

Нұрлан Тұрысбекұлы 1990 жылы КСРО чемпионатында 51 келі салмақта күміс жүлде алған. 2004 жылы Афины Олимпиадасы кезінде Геннадий Головкин мен Серік Елеуовтің дайындалуына көмектескен. Өздеріңіз білесіздер, екеуі де сол Олимпиада ойындарында жүлдеге ілікті.

Баласы Диас Алматы қаласында дүниеге келген. 8 жасынан бері футболмен айналысады. Алғашында «Локомотив» клубы Алматыда құрылғанда сол команданың базасында жаттыққан. Александр Перемитин, Александр Топал секілді білікті бапкерлерден тәлім алған.

Ал Испанияға ең бірінші 2013 жылы жолы түскен. Сол кезде бір айға FC Barcelona Camp футбол лагеріне барған. Одан кейін Германияның «Бавария» клубында сынақтан өтіп, DFI (Deutsch Fussball Internat) футбол интернатына қабылданады.

Бірақ кейіннен Қазақстанға қайта оралып, 2015 жылы Испанияға ауысқан. Содан бері С.E. Júpiter командасында жаттығып жүр. Өткен жылы 19 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасына шақырту алып, Молдавадағы «Шериф» кубогына қатысқан болатын. Александр Кузнецов жаттықтыратын құрамада Диаспен бірге Еркебұлан Сейідахмет, Айдос Орал секілді Гранаткин турнирінің болашақ дүлдүлдері болды.

Авторы: Бек Төлеу

Тегтер: Қазақ футболы"Барселона"Еркебұлан СейідахметЖас талантДиас ҚалыбаевКаталония біріншілігі

Кері қайту
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку