"Тараз" ФК директоры Махамбет Дүйсембаев – Еркебұлан Сейідахмет неге финалда ойнады?

Футбол
"Тараз" ФК директоры Махамбет Дүйсембаев – Еркебұлан Сейідахмет неге финалда ойнады?
"Тараз" ФК директоры Еркебұлан Сейідахметтің неліктен "Монтажникке" ойнағанын айтып берді
Қазақстан U-18 құрамасының аға жаттықтырушысы Александр Кузнецовтың сұхбаты болмағанда, Таразда өткен Антон Шохты еске алуға арналған халықаралық турнир сол күйі елеусіз қалар да ма еді?

Еркебұлан Сейідахметті жасөспірімдер құрамасына емес, «Монтажникке» жіберді деп «Таразды» айыптағаннан кейін жанкүйерлер арасында түсініспеушілік орнап, футболшыны да, клубты да кінәлағандар табылды. Осыған байланысты «Тараз» футбол клубына хабарласып, директоры Махамбет Дүйсембаевтың пікірін білген едік.


"Тараз" ФК директоры Махамбет Дүйсембаев

– Расымен де бізге Қазақстан футбол федерациясынан Еркебұлан Сейідахметті Жасөспірімдер құрамасына жіберу туралы хат келген. Алайда, бас бапкер Ваид Талғаевпен ақылдаса келе оны ешқайда жібере алмайтындығымыз туралы жауап жаздық. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, маусымға тым кеш кірістік. Команданы дұрыс жасақтап үлгермедік. Сондықтан, әр футболшы біз үшін өте маңызды. 

Шынымен де, егер Еркебұланды Қазақстан жасөспірімдер құрамасының оқу-жаттығу жиынына жібергенімізде оны «Оқжетпеске» қарсы алаңға шығара алмайтын едік. Оның үстіне, бұл ресми турнир емес екен. Өзім іс-сапарға кеткенмін. Оның осы турнирде «Монтажникке» ойнағанын кейін білдім. Негізі, «Монтажниктің» директоры сұрағаннан кейін Ваид Талгаев оны екі-ақ ойынға жіберіпті. "Финалға қатыспасын" деп қадап айтқан. Бірақ, бізге айтпастан оны ақтық ойында да алаңға шығарып жіберген екен, - деді «Тараз» футбол клубының бас директоры Махамбет Дүйсембаев.

– Дегенмен, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы үшін емес, «Монтажник» сапында ойнауын қалай түсіндіресіз?

– Негізі, Еркебұланның құқығы «Монтажникке» тиесілі ғой. Біз оны жалға алып отырмыз. Сондықтан, бұл команданың басшылығымен ара-қатынасымыздың дұрыс болғаны тиімді. Өйткені, келесі жылы да Сейідахметті өзімізде қалдырғымыз келеді. Әйтпесе, оған көз тігіп отырған клубтар жетерлік. «Монтажниктің» басшылығы Еркебұланды, тіпті, шетелдің клубтарына сатып жібергісі де келеді. Ваид Талғаевтың бір-екі ойынға рұқсат бергені сондықтан. Оның үстіне, ол кезде «Оқжетпеспен» ойнап қойғанбыз. 

Дегенмен, бір жағынан «Монтажниктің» директоры Георгий Хутидині де түсінуге болады. Бағып-қаққан шәкірті. Турнирде де жеңіске жеткісі келгені анық. Сол үшін Талғаевтың өтінішіне қарамастан финалда ойнатып жіберген ғой. Ал негізі, «Тараз» үшін бірінші кезекте Қазақстан құрамасының абыройы маңызды. Күзде Еркебұланды іріктеу додасы күтіп тұр. Сол кезде Қазақстан құрамасының намысын қорғайтын болады.

– Жалпы, Еркебұлан Сейідахметтің биылғы ойындарына қандай баға бересіз?

– Еркебұланның таланты көрініп тұр ғой. Ересектерге қарсы еш қаймықпай ойнайды. Талғаев та оны реті келген сайын алаңға тұрақты шығарып жүр. Жас бала ғой. Дұрыс бағыт бере білуіміз қажет. Өзім әрдайым сөйлесіп, ақыл-кеңесімді беріп тұрамын. Жұлдыз болып кетіпті дегенмен келіспеймін.  

Авторы: Айқын ЖАППАР

Тегтер: "Тараз" ФКМахамбет ДүйсембаевЕркебұлан СейдахметЕркебұлан Сейідахмет

Кері қайту
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку