Қазақстан Премьер-лигасы. Фавориттер алғашқы ұпайларын алды

Футбол
Қазақстан Премьер-лигасы. Фавориттер алғашқы ұпайларын алды
Оқжетпес - Қайрат 1:1
Қазақстан Премьер-лигасының 2-туры аясында сенбіге жоспарланған төрт ойынның үшеуі өтіп, біреуі ауа-райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілді.

«Тобыл» ұшағы Атырауға жетпеді

Алдымен «Тобыл» футболшыларын Атыраудың ауа-райы жатырқаса, кейін қолайсыз ауа-райы Қостанайда да орнап, Дмитрий Огай командасы сол күйі әуежайдан ұшақ жоқ. Бұл кезде Атыраудың «Судоремонтник» стадионына 1500 көрермен жиналып қойған еді.

Қайта «Атырау» жарады. Жанкүйерлерін ренжіткен жоқ. Бас бапкер Владимир Никитенко футболшыларын екіге бөліп тастап, біріне жасыл форма, екіншілеріне ақ жейде кигізіп, өзара ойын өткізді. Ал бас төрешінің міндетін клубтың спорт директоры Қайрат Сламбеков атқарды.

«Қайраттың» алғашқы ұпайы

Биыл «Қайрат» туралы әлі талай жазатын сияқтымыз. Әзірге «Оқжетпеспен» болған ойынға тоқтала тұрайық. Тең дәрежеде өткен кездесуде алматылықтардың да, көкшетаулықтардың да жеңіске жететін мүмкіндіктері болды Алдымен есепті Жерар Гоу ашты. Ешкімнің кедергісінсіз допты қабылдаған ивуарлық легионер допты Джурахон Бабаханов қақпасына бағыттай салды. Есеп 1:0.

Үзіліс барысында көкшетаулықтардың көреген бапкері Владимир Муханов ойынға өзгеріс енгізуді жөн көріп, алаңға Әлібек Бөлешовті шығарды. Сол-ақ екен, алғашқы шабуылдарының бірінде-ақ Бөлешев қорғаушылардан сытылып шығып, есепті теңестіріп кетті.

Одан кейінгі уақыттар алма-кезек шабуылдарға толы болды. Алдымен «Қайратта» есепте алға шығуға мүмкіндік болған. Бірақ қақпашымен жеке-дара шыққан Жерар Гоу Джурахон Бабахановтан айласын асыра алмады.

Ал алаңға екінші таймның ортасында қосылған Жасұлан Молдақараевтың пасынан кейін Әлібек Бөлешевте «Оқжетпеске» жеңіс әперуге мүмкіндік болған еді, оның соққысы қақпа маңдайшасынан кері қайтты. Қорытынды есеп – 1:1, «Қайрат» пен «Оқжетпес» осы маусымдағы алғашқы ұпайларын иемденді.

«Оқжетпес» (Көкшетау) – «Қайрат» (Алматы) 1:1 (0:1)

Голдар: Гоу, 44 (0:1). Бөлешев, 49 (1:1).
Ескертулер: Хайруллин, 39. Бөлешев, 59. Мангуткин, 65. Молдақараев, 75 — Бакаев, 34.
«Оқжетпес»: Бабаханов, Чертов, Чижов, Алхазов (Бөлешев 46), Еоне, Волков, Нганбе (Куксин 70), Мангуткин, Чичулин (Молдақараев 78), Хайруллин, Қожамберді
Резерв: Әбжанов, Түлиев, Хохлов, Жұмаханов, Богданов, Лебедев
«Қайрат»: Плотников, Исаэль (Риера 85), Гоу, Тимощук, Маркович, Соарес, Тесак, Бакаев, Исламхан (к), Қуантаев, Қуат (Ли 65)
Резерв: Сидельников, Грошев, Дарабаев, Рудосельский, Райымбек, Вороговский
Төрешілер: Тевяшов (Орал), Сүйінов (Павлодар), Будниченко (Екібастұз)
19 наурыз. Астана. «Астана-Арена» стадионы. 4 000 көрермен. 


Васильев төрешілерге риза шығар

«Ақтөбе» директоры Дмитрий Васильев төрешілерге енді риза шығар. Петропавлдық Александр Гаузер алдымен 10-минутта «Тараз» қақпасына пенальти белгілеп берсе, ойынның аяқталуына 20 минут қалғанда алаң иелерінің бір ойыншысын алаңнан қуып, «Ақтөбеге» тағы да жағдай жасап берді. Дегенмен, кездесу 1:1 есебімен аяқталып, екі команда да бір-бір ұпайды қанағат қылып тарқасты.

Есепті ашқан «Ақтөбе» Самат Смақов. Әлгі пенальтиден кейін 11 метрлік айып соққысын орындауды өз міндетіне алған капитан жойқын соққысымен «Тараз» қақпашысы Александр Григоренконы қапы қалдырды.

Алайда, үзіліске командалар бәрібір тең есеппен тарқасты. Оң қапталдан әуелете асырылған пасты Игорь Зенькович баспен дәл тоғытты. Иә, осылайша «бело-қазақстандық» шабуылшы қатарынан екінші ойында гол соғып отыр.

«Тараз» – «Ақтөбе» 1:1 (1:1)
Голдар: Смақов, 11-пенальтиден (0:1). Зенькович, 45 (1:1).
Ескертулер: Голич, 23. Мера, 38 — Қаиров, 69. Сорокин, 74. Азовский, 77. Куаджа, 88.
Қызыл қағаз: Недашковский, 69.
«Тараз»: Григоренко, Мера, Голич, Зенькович (Айтбаев 90+2), Данилюк (Сүлей 61), Воротников, Әмірханов, Д. Евстигнеев (к), Байтана (Рымтаев 78), Шахметов, Недашковский
Резерв: Докич, Баялиев, В. Евстигнеев, Қараман, Қаримолла, Қарпық
«Ақтөбе»: Отарбаев, Давлатов (Шестаков 65), Куаджа, Петролай, Ситдиков, Бочаров, Азовский, Қаиров, Крюков (Сорокин 61), Смақов (к), Жаңғылышбай
Резерв: Павлов, Цвейба, Жалмұқан, Жұмашев, Кәкімов, Лисенков, Тотай
Төрешілер: Гаузер (Петропавл), Шабанов, Тергеусізов (екеуі де — Алматы)
19 наурыз. Тараз. Орталық стадион. 6 500 көрермен. 


«Ақжайық» өз алаңында оңбай ұтылды

Премьер-лигаға қайта оралған оралдықтар өз алаңында «Ертісті» қабылдаған. Алайда матчты тым сәтсіз өткізіп, 2000 жанкүйердің алдында 0:3 есебімен оңбай жеңілді.

Алдымен есепті Елдос Ахметов соқты. Былтыр «Астананың» қосалқы құрамын «тоздырған» қорғаушы өз командасын тапқан секілді. Кезінде «Ертісте» түлеген «Тараздың» түлегі бұрыштамадан асырылған пасқа басын әдемі қойып, керекуліктерді алға шығарды.

Екінші гол да стандартты жағдайдан соң соғылды. Бұл жолы да алаң иелері үшін қауіп сол қапталдан келді. Айып добы орындалған болатын. Қорғаныстағы аласапыранды пайдаланған гамбиялық Осман Джалло есепті 2:0-ге жеткізді.

Екі рет сол қапталдан гол жіберіп алған «Ақжайық» сол жағын күшейтуі қажет еді ғой, бірақ бас бапкері Талғат Байсуфинов бұған аса мән бермеді. Нәтижесінде тағы да «Ертістің» оң қапталы арқылы өрбіген шабуылды Роман Мұртазаев голға айналдырды.

«Ақжайық» (Орал) – «Ертіс» (Павлодар) 0:3 (0:2)
Голдар: Ахметов, 27 (0:1). Джаллоу, 45+1 (0:2). Муртазаев, 55 (0:3).
Ескертулер: Сапанов, 58. Сергиенко, 60 — Фонсека, 63. Муртазаев, 70.
«Ақжайық»: Қалменов, Говедарица, Колуния, Ортиз, Николич, Хромцов (Мальцев 46), Әбдрахманов, Валиуллин (Антипов 58), Омаров, Сапанов (к) (Забродин 81), Сергиенко
Резерв: Багаутдинов, Сәрсекенов, Тапалов, Шевцов, Шурыгин, Гридин
«Ертіс»: Лория (к), Гогуа (Фернандес 64), Йирсак, Фонсека (Алиев 90), Фрейдгеймас, Керла, Джаллоу (Фаль 73), Гетериев, Ахметов, Муртазаев, Малый
Резерв: Цирин, Сартаков, Есімов, Кислицын, Аяғанов, Воменко
Төрешілер: Измайлов (Талдықорган), Шәріпов, Лабашов (екеуі де — Атырау)
19 наурыз. Орал. «Ақжайық» стадионы. 2 000 көрермен.  

Авторы: Әзиз ЖҰМАДІЛ

Тегтер: Жерар ГоуФК КайратФК ОкжетпесҚазақстан Премьер-лигасыОкжетпес - Кайрат

Кері қайту
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку