Жуков су ішкен құдығына әлі түкіріп жүр

Футбол
Жуков су ішкен құдығына әлі түкіріп жүр
Георгий Жуков Қазақстанда туған. Фото: fca.kz
Қазір Еуропада жүрген Георгий Жуков Қазақстан футболын сынап-мінегенін әлі қоймай, енді тіпті іске алғысыз қылып тастапты.

Кеше «Қайрат» футбол клубы Георгий Жуковпен келіссөз жүргізіп жатыр деген сөз шыққан. Алматы командасы оның қолында Қазақстан төлқұжаты бар екендігіне қызыққан болар. Команда сапына қосылса, легионер болып саналмайтын еді...

Алайда Жуков Қазақстанға келгісі келмейтіндігін Instagram-дағы жеке парақшасына жазған. Әуелі Қазақстан футболын іске алғысыз қылып тастаған.

«Жақсы ойыншылары мен командалары болса да, Қазақстан футболының проблемасы, ешкім де оларды лайықты түрде қабылдамайды. Тіпті «Астана» Чемпиондар лигасында ойнады, бірақ Еуропаның бұған тышқақтағаны бар. Ондай Чемпиондар лигасының маңызы не, сол үшін жыл бойы ағзаңды сапасы нашар алаңдарда тұралатсаң? «Қайрат» – басқа командалар үшін үлгі. Негізі, бәрі осылай болуы керек. Ал тер төгіп, ақша тапқаныңмен, артынан оны девальвация бәрібір оны жеп қойса, жақсы емес, әрине. Қазақстаннан шыққан ойыншылар ақша үшін жүгіріп жүр деп айтулың қажеті жоқ. Адамдар Қазақстан төлқұжатымен сені деңгейі жоғары Еуропа чемпионаттары алмайтындығын түсінбейді», – деп жазған.


Скриншот: vesti.kz/kazfutbol/222780/

Одан соң өзінің жазғандарын жуп-шаюға тырысқандай:

«Менің ешкімді де ренжіткім келген жоқ. Тек Қазақстан футболындағы өзекті мәселелерді айттым. Ойындарды өткізу шарттарын жақсарту үшін жұмыс жасау керек – алаңдардың сапасын артыру қажет, балалар футболын дамыту керек және т.б. Сондай-ақ Еуропада Қазақстан төлқұжатымен оңай емес екендігін айттым, өйткені сен ойнайтын құрама рейтингте 150-орында болса, қиын. Басқаша, мақтан тұту керек, Қазақстан – әдемі және бай ел. P.S. Жоқ, мен “Қайратқа” ауыспаймын», – деп жазыпты Жуков.


Скриншот: new.vk.com/fckairat1954

Бірақ көп ұзамай, бұл жазбаларының бәрін өшіріп (алып) тастапты. Әйтсе де Қазақстандық басылымдар оның жазбаларының көшірмесін түсіріп алған.

Жуков – негізі Бельгияның «Стандарт» клубының ойыншысы. Бірақ бұл команда оны ылғи басқа клубтарға жалға беріп жүр. 2014-2015 жылдары «Астанада» ойнады, биыл Голландияның «Рода» командасында өнер көрсетті. Бірақ бұл елде де тұрақтап, қала алмағандай. Соңғы күндері Ресейдің «Рубині» мен Алматының «Қайраты» осы ойыншы “өз құрамында көргісі келеді” деген ақпарат тараған. Ешбір командаға тұрақтай алмай жүріп, бәр кінәні Қазақстан төлқұжатына жабатыны қалай?!

Авторы: Нұрғазы САСАЕВ

Тегтер: Георгий ЖуковҚазақстан құрамасыҚазақстан Премьер-лигасыҚазақстан чемпионаты"Қайрат"Төлқұжатлегионер"Астана" ФК

Кері қайту
★ Вы можете разместить вашу рекламу на нашем сайте. Напишите нам на whatsapp нажав на эту ссылку